Қазанда Ұлы даланың тарихы мен мәдениеті таныстырылды

Қазанда Ұлы даланың тарихы мен мәдениеті таныстырылды

Татарстанның бас қаласында қазақ халқының тарихы таныстырылды. Қазан шаһарында Қазақстанның Ұлттық музейінің коллекциясынан «Ұлы дала: тарих және мәдениет» атты көрме қанат жайды. Экспозиция – «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасының бір бөлігі. Қазақстандық Тутанхамонмен бірге ел назарына тас дәуірінен 20-шы ғасырға дейінгі кезеңді қамтитын жәдігерлер ұсынылды.

АЛМАЗ НҰРАЗХАН, ҚР ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ М.А.:

- Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының шығуына байланысты көрме форматы кішкене өзгерді. Экспозицияның «Алтын адам» жайғасқан орталық бөлігіне басқа да экспонаттарды қостық.

Көрме әлемдік мәдени құндылықтар контекстінде ұйымдастырылып, ата-бабаларымыздың энеолиттен қазіргі заманға дейінгі адамзат өркениетінің дамуына қосқан үлесін паш етеді. Ұлттық музей қорынан ұсынылған 200-ден аса жәдігер мыңдаған жылдар ішінде қалыптасқан Ұлы дала өркениеті туралы баяндайды.

ЗИЛЯ ВАЛЕЕВА, «ҚАЗАН КРЕМЛІ» МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Дүниежүзі тарихын Түркі әлемінің бай тарихынсыз елестету мүмкін емес. Түркі әлемін қазақтарсыз да, татарларсыз да елестету қиын. Осы ретте біздің ортақ қасиетті орындарымыз, түрлі зерттеу кешендері бар екенін айта кеткім келеді. Бүгінгі күні тіліміз ұқсас, дініміз ортақ, мәдениетіміз бір десек болады.

Ұлы дала көрмесінің ашылуы аясында Қазан Кремлінің Манежінде қазақстандық ғалымдардың дәрістері де ұйымдастырылды. Археолог, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев пен «Мұрағат-2025» ғылыми-әдістемелік орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы маңызды тарихи деректермен бөлісті. Жаңа археологиялық сенсациялар, қасиетті нысандарды зерттеу Қазақстан аумағында және одан тыс жерлерде ғылыми қоғамдастықтың үлкен қызығушылығын оятты.

ИРАДА АЮПОВА, ТАТАРСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ МИНИСТРІ:

- Өткенге зер салмай, болашақты құру мүмкін емес. Көрменің айтқысы келген ойы осы. Қазіргі жаңа әлем технологиялық тұрғыдан қаншалықты өркендегеніне қарамастан, тарихи мұрамызды көздің қарашығындай сақтап, түп-тамырымызды ұмытпаудың қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді.                              

Ауқымды жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып отыр. Бірегей тарихи артефактілермен бұған дейін Польша, Оңтүстік Корея, Қытай, Әзербайжан, Беларусь және Ресей тұрғындары танысқан. Тарихи көрме 1 айға созылады. Содан кейін «Алтын адам» Өзбекстан астанасы Ташкентке сапар шегеді.

Фото: primeminister.kz