Қазақстан мен Иранның туризм саласы дамуда

Қазақстан мен Иранның туризм саласы дамуда

Соңғы жылдары Иран саяхатшылары Қазақстанға көп келуде. Әсіресе, Тегеран-Алматы әуе қатынасы ашылғаннан бері қызығушылық артты. Тіпті, туристік турлар да көбейді.

ХАФЕЗ САДРИ,  ТУРИСТІК КОМПАНИЯНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

- Бұл рейс жолаушылар арасында үлкен танымалдыққа ие, әрі сұраныс та жақсы. Әуе бағыты ашылған күннен бастап саяхатшылар туристік фирмаларға қоңырау шала бастады. Ирандықтар да қазақ халқы сияқты ақжарқын, кеңпейіл, мейірімді халық. Сол себептен болар шет елде жүрсе де, өз елдерінде жүргендей сезінгісі келіп, Қазақстанға барғысы келіп тұрады.    

Қазақстан мен Иранның туризм саласындағы ынтымақтастығы осыдан 15 жыл бұрын орнады. Осы уақыт аралағында мыңдаған ирандық республикамыздың көрікті жерлерімен танысып қайтты. Тікелей әуе бағыты Қазақстанды тану үшін таптырмас мүмкіндік берді. Тегеран мен Алматы қалаларында да ұқсастық бар, дейді ирандықтар.

АЛИРЕЗА САЛЕХИСИРАТ, ТУРИСТІК КОМПАНИЯНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

- Саяхатшы демалысы ыңғайлы, әрі қолжетімді  болғанын қалайды. Біріншіден, әуежайда ұшақ, көлік ауыстыру жолаушының ығырын шығарады. Сондықтан да барынша қолайлы жол қарастырады. Екіншіден, ирандықтар үшін Қазақстан әлі де ашылмаған кітаптай. Бүгінгі таңда еліміз Қазақстан туралы толық ақпарат алған. Оның көрнекі жерлері, тарихи орындары туралы жіті білеміз. Сонымен қатар елдеріңізге барамын деген туристер елдің тарихи және мәдени орталықтары туралы, мерекелік кештер жөнінде де құлақтандырылады. Сондықтан болар саяхатшылар Қазақстан елін, киелі жерлерін көруге ынтық.

Визасыз режим енгізілсе, екіжақты туризм саласының одан әрі нығая түсуіне жасалатын тағы бір нық қадам болмақ,- дейді сарапшылар. Бұл бастаманы өткен жылы ресми Тегеран да қолдаған болатын. Әзірге оңайлатылған форматта коммерциялық заңды тұлғалардың ғана ұшу мүмкіндігі бар. Сарапшылардың айтуынша, алдағы уақытта туристер де визасыз саяхаттай алады. Осылайша, екі ел арасындағы ынтымақтастық одан сайын беки түседі.

Фото: kt.kz