2025 жылы Түркістанға 5 млн турист келеді деп жоспарлануда

2025 жылы Түркістанға 5 млн турист келеді деп жоспарлануда

Түркістанның туристік әлеуеті артып келеді. Жыл басынан бері киелі шаһарға Индонезия, Сингапур, Малазия және Ресейдің Саха республикасынан туристік операторлар келіп, туризмді бірлесіп дамытуға уағдаласты. Бұған алдымен Елбасының Түркістанды облыс орталығы етіп, барша түркі халықтарының рухани астанасына айналдыру туралы бастамасы сеп болды. Жалпы Түркістан облысында түркі әлеміне ортақ құндылықтарды насихаттау, медиа қауымдастықтардың еларалық байланысын нығайту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Айта кетейік, өткен жылы өңірге 1,5 млн-ға жуық саяхатшы мен зияратшы келіпті. Ал туристік индустрияны дамытудың тұжырымдамасына сәйкес, 2025 жылы Түркістан өңіріне 5 миллионға жуық турист келеді деп жоспарланып отыр.

ЖАСҰЛАН ТӨЛЕБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫСТАР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Жеке инвестицияның есебінен 19 қызмет көрсету нысандары бой көтеруде. Шетелдік туроператорларды осында әкеліп, туристік нысандарымызды көрсетіп, нақты туристер алып келу бойынша келісім-шарт жасастық. Біздің туристік нысандарды сандық жүйеге енгізіп, билет алу, кіру, шығу, туристер санымен біздегі айырмашылықты осы сандық жүйе арқылы жоюды көздеп отырмыз.

Қазір Түркістан алып құрылыстың орталығына айналды. Мұнда шығыстық үлгідегі ғажайып ғимараттар салынып жатыр. Алдағы жылдары киелі шаһар сауда-саттығы қайнаған, тарихи-мәдени орындарына саяхатшылары ағылған нағыз туризм орталығына айналмақ. Кеше ғана Түркістан өңіріне Ресейдің Саха Республикасынан бір топ журналистер саяхаттап келді.

ГАЛИНА БАЧКАРЕВА, РФ САХА РЕСПУБЛИКАСЫ ЖУРНАЛИСТЕР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

- Біз түркітілдес халық болғандықтан, Қазақ елін бауыр тұтамыз. Қазақстанға әртүрлі бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істейтін 26 журналист келдік. Барлығымыз да қазақ топырағын алғаш рет басып отырмыз. Алдымен Нұр-Сұлтан қаласына бардық, елордаларыңыз керемет қала екен. Одан кейін Шымкентке келдік. Енді, міне, Түркістанға табанымыз тиіп отыр.

Сапар аясында қонақтар Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен танысты. 13-ғасырдың ерекше археологиялық ескерткішінің тылсымына қанықты. Ал жыл басында индонезиялық туристік операторлар аймақ басшысымен кездесіп, туризмді бірлесіп дамытуға уағдаласқан болатын. Сондай-ақ, жақында киелі шаһарға Малайзияның 12 жетекші туристік операторы келді. Оларға Түркістан өңіріндегі көрнекті орындар көрсетіліп, «Ұлы Жібек жолы» тақырыбында экскурсия ұйымдастырылды.

Фото: matritca.kz