Иранда қазақ руының таңбасы бар ескерткіш табылды

Иранда қазақ руының таңбасы бар ескерткіш табылды

Иран жерінде адай руының таңбасы бейнеленген көне құлпытастар табылды. Олар шамамен 9-10-ғасырларда жасалған. «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Гүлістан провинциясындағы тау басында жатқан киелі мекенге арнайы барып, тарихымен танысты. Ақбенд аулының маңындағы ежелгі мешіт шамамен 1720-жалдары қазақтан шыққан оқытушы Шағурбадтың бастамасымен салынған. Мұндағы мазарлардың басына қазақ тайпаларына тән құлпытастар қойылған. Олардың арасынан қойтастар мен адай руына тән таңба табылды.

ЖОМАРТ ЖЕҢІСҰЛЫ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

- Мына бір тас назарымызды аударып отыр. Бас жағында біздің қазақтың кіші жүзіндегі бай ұлына кіретін адай тайпасының белгісіне ұқсайды. Мұнда жебе таңбасы. Жергілікті қазақ ағайындардың осы жерді мекендейтін адай өкілдерінің айтуынша, бұл адайлардың таңбасы. Және осыған ұқсас тастарды Маңғыстау облысындағы Шақпақ ата қорымынан да кездестіргендігін айтып отыр.

САПАР ЫСҚАҚОВ, «БАБАЛАР ІЗІМЕН» ҒЫЛЫМИ ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Бұл қойтастар, құлпытастар біздің бабаларымыз 8-10 ғасырларда осында келгенін растайды. Соларға қойылған қойтас, құлпытас дейді. Оны әрине біздің ғалымдар келіп зерттеу керек. Оны тарихи мұралардың тізіміне кіргізу керек. Сонда барып біз қай ғасырда қойылды, қандай халықтар қоғанын білеміз. Қазіргі біздің айтып отырғанымыз тек қана болжам.

Тау басындағы киелі орындарды аралаған экспедиция мүшелері Гумбет қаласына ат басын бұрды. Шаһардың бір ауданы Қазақ ауылы деп аталады. Мұнда қандастарымыздың 200-ден астам отбасы тұрады. Олардың басым бөлігі Иранға 20-ғасырдың басында барған екен. Көне көз қариялар болмаса, Қазақстанды көзбен көргендері аз. Дегенмен ана тілі мен ата салтын ұмытпапты.  

ДӘЛЕТБАЙ ЕСКЕЛДІ, ГУМБЕТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Гумбет қаласында 600-ге жақын қазақ бар. Қапталында Горган қаласы бар, Бентүрік қаласы бар. Бұларда да қазақтар бар. Мен мына Гумбет қаласы қазақтарының тарапынан Қазақстан Республикасына сәлем айтам.

Отандастармен кездескеннен кейін экспедиция Тегеранға аттанды. Иран астанасындағы ұлттық музейде Елдениз, Жалайыр мемлекеттерінің тұсында қолданылған жәдігерлер сақталыпты.

ХОСЕЙН, ӨЛКЕТАНУШЫ:

- Ұлттық музейде Елдениз және жалайырлар билік құрған кезеңінде қолданылған ыдыстар және түсті металдан жасалған тиындар сақталған. Орта ғасырларда Иран жерінде бірнеше сұлтандықтың болғаны тарихтан белгілі. Бірақ солардың ішінде қыпшақ даласынан шыққан Елдениздердің де, Жалайырлардың да ықпалы өте зор болды. Олардың өзгелерден озық өркениетті ел болғанын тарихи жәдігерлердің ерекшелігінен ақ байқауға болады.

Иран жерінде бабаларымыздан қалған жәдігерлердің тарихымен танысқан ғылыми экспедиция мүшелері бұл елдегі сапарын аяқтады.

Фото: theotheriran.com