Отты жылдар ұмытылмауы тиіс

Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды!

Олардың ерлігі ұрпақтың жүрегінде мәңгі сақталады!

Биыл 9 мамырда Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 74 жыл толды. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап жүз мыңдаған отандасымыз өз еркімен майданға аттанды. 4 жыл ішінде республикада 12 атқыштар дивизиясы, 4 атты әскер, 7 бригада және шамамен 50 жеке полк пен батальон құрылды. Отты жылдары Қазақстан аумағынан қан майданға бір миллион сегіз жүз мың адам аттанып, олардың тең жартысы қайтып оралмады. Бес жүзден астам қазақстандық ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атағына ие болса, 110 жауынгер үшінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Олардың елі, жері үшін жасаған ерліктері – жас ұрпаққа әрқашан үлгі.  Ұлы Жеңіс мерекесіне орай Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағындағы ескерткішке «Құрметті қарауыл» қойылды. Бұл міндетті қатардағы сарбаздар емес, қарапайым қала жастары атқарды.

МҰРАТ ӘБДІШҮКІРОВ, АУҒАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРЛЕРІ ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Жастар бейбітшілік, достық деген қасиетті ұғымдарды санасына сіңіріп өссе екен дейміз. Тек бейбіт өмірде ғана еліміз алға нық баса алады. 10-15 жылдан соң осы балалар қызметке келеді. Сондықтан, олардың бейбіт өмірі үшін күрескен аталарының басынан өткізген соғыс қасіретінің ауыртпалығын естен шығармауы тиіс. Және де Қазақстанның бейбітшілігі баянды болуы үшін еңбек етулері керек. Мінеки, біз осы мақсатта жұмыс істеп жүрміз.