1 мамыр Халықтар Достығы күні

Ауызбіршілікті ту еткен жалпыға ортақ мереке. 1996 жылдан бері бірінші мамыр күні Қазақстанда Халықтың бірлігі мерекесі аталып өтіледі. Бұл күн ізгіліктің, достық пен құрметтің символына айналды. Бүгінде елімізде тұрып жатқан ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Этносаралық және конфессияаралық келісім принциптеріне негізделген ерекше модель көптеген мемлекеттер үшін үлгі. Сонымен қатар,  Қазақстанның саяси және экономикалық жетістіктеріне, әлемнің бәсекеге қабілетті елдерінің қатарына қосылуына өз септігін тигізді, дейді сарапшылар

БАШИР СОЛСАНОВ, ШЕШЕН-ИНГУШ ЭТНОМӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Бүгінгі күні мемлекет басшылығы тілімізді, салт-дәстүрлерімізді, мәдениетімізді дамытуға мүмкіндіктер жасап отыр. Еліміздің әрбір азаматы ел дамуына үлес қоса алады. Шынында да, бұл біз үшін өте маңызды.  Балаларым, жастарымыз қатардан қалмай, ауызбіршілік жағдайында өмір сүргенін қалаймыз. Біздің күшіміз – бірлікте.

Дәстүр бойынша, осы күні еліміздегі 1000 этномәдени орталық өз  жетістіктерін көрсетіп, табыстарымен бөліседі. Халықтық серуен, Фольклорлық фестивальдар, қызықты спорт жарыстары. Бірлікті ту еткен Қазақстан халқы мерекені осылай тойлайды.

АХМЕТ МУРАДОВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ, МӘЖІЛІС ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

- Бұл мерекені барлық қазақстандықтар бірге атап өтеді. Барлығы көшеге шығып,  құшақ алысып, бір-біріне жақсы тілектер айтады. Бұл бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан, достықты ұран еткен, алдындағы мақсаты ортақ, жұдырықтай жұмылған, бір-біріне туғанындай қарайтын халықтың мейрамы. Бәріміздің Отанымыз бір – тәуелсіз Қазақстан. Әр шаңыраққа, әр үйге шаттық тілейміз. Достығымыз мәңгілік болсын. Мереке құтты болсын. Осы ауызбіршілігіміздің баянды болуына әрбіріміз үлес қоса аламыз.

СААК САЛУМЯН, АРМЯН ЭТНОМӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Бұл мерекені біз Ассамблеяның барлық мәдени орталықтары бірге тойлап келеміз. Бұл - достықтың, бірліктің, бейбітшіліктің мерекесі. Осы күні біз мәдениетімізді, салтымызды, ұлттық тағамдарымызды көрсетуге тырысамыз. Өйткені, менің ойымша, біз бәріміз бір отбасында өмір сүреміз, және біз бәріміз бір-бірімізді құрметтеуіміз керек.

Достық, өзара келісім мен ауызбіршілік -жаһанданған бүгінгі әлемнің  ең құнды белгілері. Ынтымағы жарасқан елдің – болашағы жарқын екенін Қазақстан өз мысалымен көрсетіп отыр.