«Бабалар ізімен» экспедициясы Әзербайжанға жетті

«Бабалар ізімен» экспедициясы Әзербайжанға жетті

«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастыруда. Ғалымдар Грузияда тұрып жатқан қыпшақтардың тұрмыс тіршілігімен танысып, Әзeрбайжанға бағыт алды. Олардың пікірінше, екі елдің арасындағы тарихи байланыс бар. Жолда саяхатшылар Қазақ деп аталатын шаһарға тоқтады. Мұнда 80 мыңнан астам халық тұрады екен. ХІІІ  ғасырда осы маңда құрылған Қазақ сұлтандығының орталығы болған.

ОКТАЙ ЫРЗАЕВ, ӘЗІРБАЙЖАН ТУРИСТІК ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:

- Сұлтандықтың қазақ деп аталуына байланысты әр түрлі пікір бар. Бұл сөз Қазақ хандығы құрылмай тұрып, ежелгі, ортағасырлық және қазіргі түркі тайпаларының арасында қолданылғаны тарихтан белгілі. Өйткені «қазақ» термині біздің тілде еркін, тәуелсіз деген мағынаны береді. Олар мекен еткен жерде ұдайы қоғамдар, сұлтандықтар, ұсақ мемлекеттік құрылымдар құрылған. Атап айтқанда, орта ғасырларда қазақ магалы, содан кейін қазақ сұлтандығы пайда болған.

Қыпшақтардың басым бөлігі Әзербайжанға Грузиядан көшіп барған. ХІІ ғасырдың басында Дешті Қыпшақ даласынан 40 мың отбасы қоныс аударған. Содан бері осы жерді мекендеп, жергілікті халықпен бірге өмір сүріп жатыр.  Сол кезде құрылған қалалар мен қоныстар көшпелі мәдениеттің дәлелі болып табылады. Мысалы, Әзербайжанның батыс бөлігінде орналасқан Гяндже қаласы. Бұл шаһар - 1136-1225 жылдары қыпшақ тайпасынан шыққан атабектер құрған Елдениз мемлекетінің екінші астанасы. Өз заманында оның өркениетті ел болғанын жергілікті музейдегі жәдігерлер айғақтайды.

ТАХМИНА ӘЗИЗОВА, ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ МУЗЕЙ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

- Мына дулыға Гяндже қаласының маңынан табылды. Бас киімнің сыртқы жағы алтынмен әрленген. Сонымен қатар  болат темірден жасалған сауыт пен қолғап табылды.

Елдениз мемлекетін басқарған бабаларымыздың шеберлігін көпір құрылысынан да байқауға болады. Ол Атабектер билік құрған тұста тастан қаланған.

САПАР ЫСҚАҚОВ, ЭКСПЕДИЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ:

- Менің артымда тұрған көпір Ақ көпір деп аталады. ХІІ ғасырда салынған. Бір таңқалатын нәрсе -  көпір 900 жылға тақау істеп тұр. Біз жаңа осы көпірдің үстінен машинамен өттік. Осы уақытқа дейін осы көпірді тұрғылықты халықтар пайдаланып жатыр. Бұл бабаларымыздан қалған із. Мұндай көпірлер өте көп болған.

Мамандардың айтуынша, 90 жылдай билік құрған Елдениз мемлекеті моңғол шапқыншылығынан кейін құлады. Дегенмен оның орнында қалыптасқан ел де ұзақ тұрмады. Ішкі талас-тартыс кесірінен ондаған жыл өткен соң жойылды.

Фото: azernews.az