Түркиядағы құрылтайда жастардың діни сауаттылығы талқыланды

Түркияда білім алып жүрген қазақстандық дінтанушылар Кайсери қаласында Эрджиес университетінде бірінші құрылтайларын өткізді. Наиб-мүфти бастаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері, Қазақстан елшілігінің қызметкерлері, ғалымдар, оқытушылар және қазақстандық студенттер деструктивті діни ағымдардың дамуына жол бермеуді сөз етті. Шараға қатысушылар халықтың діни сауаттылығына баса назар аударды. Айта кетейік, еліміздегі Жастар жылына орайластырылған құрылтай қоғамда радикализммен күресуге бағытталған. Шара барысында жетекші бейінді жоғары оқу орындарының магистрлары мен докторанттары осы тақырыпта жазылған өздерінің ғылыми еңбектерін таныстырып өтті. Жиынға қатысушылар өз идеяларымен бөлісіп, тәжірибе алмасты, халық арасында дәстүрлі дінді түсіндіру жолдарын қарастырды.

НАУРЫЗБАЙ ТАҒАНҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БІРІНШІ НАИБ-МҮФТИІ:

– Біздің мақсатымыз – осында оқып жатқан, жалпы теологиялық бағытта оқып жатқан студенттермен байланыс орнату және оны ары қарай дамыту. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан қауымдастығы бар. Бұл қауымдастық сыртта теологиялық бағыттағы біздің студенттермен байланыс орнату, экстремизм, терроризм бағытын алдын алу және оларды біздің дәстүрлі дін бағытында білім алуын қолдауға бағытталған.

ЖАНҰЗАҚ ӘЛІМГЕРЕЙ, МАГИСТРАНТ:

- Бұл алғаш рет болып жатқан шара. Негізгі мақсатымыз – Түркияда білім алған, оқу бітірген, Қазақстанға қайтқан жастарымыздың елімізге пайдалы болуын, дін саласын дамыту. Әсіресе дінтану дегенде халқымыз көбіне мешіт төңірегінде қалды, мұның ғылыми жағынан, академиялық, университет саласында дінтануды дамыту. 

Фото: 24.kz