«Бабалар ізімен» экспедициясы. Қыпшақтар Грузияның қай бөлігін мекендеген?

Грузия тарихындағы алтын кезеңді қалыптастыруға қыпшақ жауынгерлері де үлес қосқан. Оған сол заманнан қалған тарихи жәдігерлер куә. Солардың бірқатарын «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының мүшелері аралап көрді. Тетри-Цкаро – көне қалашық. Дәл осы ауданда Тамара патшайымның сүйікті резиденциясы болған. Тарихи деректерге сай, Давид төртінші өзіне көмекке келген қыпшақ жауынгерлерінің бір бөлігін дәл осы Самшвилдеге орналастырған. Оған дәлелді құлпытастардан аңғаруға болады. Барлығынан қазақ жауынгеріне тән белгілерді байқауға болады.

ГҮЛНАРА НАТРАДЗЕ,  ТАРИХШЫ /ГРУЗИЯ/:

- Бұл өте көне қамал. Мұнда қыпшақтар келмей тұрып қала болған. Дегенмен Давид төртінші өз мемлекетін жаудан қорғау үшін қыпшақ жауынгерлерін көмекке шақырып, осындай шекараға жақын аудандарға қоныстандырады. Оларға барынша жағдай жасау үшін қарапайым тұрғындардан қыпшақ салығы жиналған. Бұл туралы Грузин авторларының шығармаларында кездеседі. Тіпті елге қайтқысы келген жауынгерлерді қалдыру үшін сұлу қыздарын қалыңдық ретінде берді деген деректер бар.

Самшвилдеден кейін экспедиция мүшелері Джавахетиядағы Вардзиа монастырін бетке алды. Биік таудың тасын қашап салған үңгір тектес қамалдың құрылысы 12-ші ғасырда үшінші Георгийдің тұсында басталып, қызы Тамараның дәулет құрған шағында  аяқталды. Оның ұзындығы 500 метр, ал ені 50 метр. Ал ішіне 15 мыңға дейін адам сыйып кетеді.

САПАР ЫСҚАҚОВ, ЭКСПЕДИЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ:

- Бұл қамалға сол кезде үшінші Георгийдің, Тамара патшайымның уақытында армияда басқарушы болған Қубасар келуі мүмкін. Одан кейін Тамараның күллі қаржы бөлімін басқарған Кұтлық Арсылан келуі мүмкін. Давид төртіншінің уақытында, одан кейін әкесі Георгий үшіншінің уақытында, Тамара патшайымның кезінде біздің бабаларымыз осы арада тұрды, өмір сүрді.

Кура өзенінің сол жағалауындағы биік жартасқа салынған қамалда кітапхана, қойма, монша және шіркеу болған. Олардың біразы жер сілкінісінен қирап қалған. «Балалар ізімен» экспедициясы енді 13-16 ғасырларда Атабек қыпша-түрік мемлекетінің астанасы болған Ахалцихе қаласына ат басын бұрып, рабат қамалының тарихымен танысатын болады.

Фото: turj.ru