Нұр-Сұлтанда «Тұңғыш» тарихи көрмесі ашылды

Әр елдің мемлекет басшылары сыйлаған кітаптар, Елбасының мұрағаттағы құжаттары, аудио және бейнематериалдары, фотосуреттері, хаттары мен жеке заттары. Қазақстан Тұңғыш Президентінің жеке қорынан екі жүзге жуық экспонат «Тұңғыш» жылжымалы көрмесінде қойылды. Көрме Нұр-Сұлтан қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің қабырғасында ашылды.

АҚЫЛБЕК КҮРІШБАЕВ, УНИВЕРСИТЕТ РЕКТОРЫ:

- Тұңғыш Президент-Елбасы кітапханасының бастамасымен біздің студенттер жаңа Қазақстанның тарихымен, Елбасының басшылығымен жасалған еліміздің тарихымен таныса алады. Бұл үлкен шараның тек басы ғана, алдағы уақытта біздің оқушылар Тұңғыш Президент кітапханасына барып маңызды құжаттармен танысатын болады. Сондай-ақ, алдағы уақытта арнайы дәрістер де ұйымдастыру жоспарлануда.

Екі апта бойы студенттер тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуындағы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше тарихи рөлін көрсететін экспонаттармен жақынырақ таныса алады.

АЛЕНА НИКИТИНА, СТУДЕНТ:

- Мен үшін бұл көрме өте қызықты. Маған студент ретінде тарихты тереңірек зерттеуге, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу кезеңдерін еске түсіруге мүмкіндік берді. Жалпы көрме жоғары деңгейде өтуде.

АЛЕКСАНДРА ШВАЙЦ, СТУДЕНТ:

- Бүгін маған және менің группаластарыма осы ғажайып көрмеге қатысуға мүмкіндік беріліп отыр. Бізге көптеген ерекше экспонаттар көрсетілді. Атап айтар болсам, біз өз көзімізбен Президентіміздің табелін көрдік, бізге жұмыс үстелін көрсетті. Онда оның құжаттары мен бірнеше маңызды құжатқа қол қойған қаламдары жатты. Біз оны өз қолымызбен ұстап көрдік. Мұның барлығы өте қызықты.

Көрме тақырыптарға сай бес бөлікке бөлінген. Олардың әрқайсысы көрерменді еліміздің қазіргі шежіресінің ұмытылмас беттерімен таныстырады. Айта кету керек, жылжымалы көрме жобасы республиканың түрлі өңірлерін қамтитын болады.

ӘМІРХАН РАХЫМЖАНОВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Біз Атырау облысына және Ақтөбе облысына көштік, облыс орталықтарынан басқа, біз міндетті түрде өңірлерге, аудандарға, алыста орналасқан аудандарға барамыз. Мысалы, жақында біз Қызылорда облысының Қармақшы және Шиелі аудандарында болдық. Осындай көшпелі экскурсиялардың басты құндылығы, балалар мұның барлығын жақыннанқарап, көре алады және оларды қызықтырған барлық сұрақтарға жауап ала алады.

Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, көшпелі экскурсиялар мен экспозициялар қазақстандықтардың ғана емес, шетелдік қонақтардың да қызығушылығын тудырып отыр. Күзде көрмені Алматы мен Жамбыл облысында, сондай-ақ Жапонияда ұсыну жоспарлануда.

Фото: kazatu.kz