«Бабалар ізімен» экспедициясының мүшелері Грузия президентімен кездесті

«Бабалар ізімен» экспедициясының мүшелері Грузия президентімен кездесті

«Бабалар ізімен» тарихи-ғылыми экспедициясы араға аз-кем уақыт салып, Грузияға тағы да ат басын бұрды. Себебі бұл мемлекетпен тарихи байланысымызды айғақтайтын тың дерек көп. Бұл жолғы сапардың маңызы да ерекше. Экспедиция мүшелерін ел президенті қабылдап, жергілікті ғалымдармен де кездесу өтті. Кездесу барысында Грузия тарихында алтын әріптермен жазылған Дидгор шайқасы жайында сөз қозғалды. Алдағы уақытта сол шайқас болған жерде екі мемлекетке ортақ кешен салу мәселесі талқыланды. Экспедиция жетекшісі Сапар Ысқақов Грузия жерінде қыпшақтардан қалған тарихи жәдігерлерді қорғау мәселесін көтеріп, оларды сақтап қалу үшін екі мемлекеттің үкіметтік деңгейде ынтымақтастық орнатуы керектігін атап өтті. Сондай-ақ, президент Саломе Зурабишвилиге ХІІ ғасырда қыпшақтар қолданған қобыздың көшірме нұсқасын сыйға тартты.

БАДРИН АЧКАБЕЛЬ, МЕДИАХОЛДИНГ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Грузин халқы үшін қыпшақтардың орны ерекше. Өйткені Дидгор шайқасында жеңіске жетуімізге қыпшақ жауынгерлерінің қосқан үлесі көп. Жыл сайын осы жеңіс күнін ерекше атап өтеміз. Насихаттау үшін қазақстандық тараппен бірігіп, фильмдер циклін түсіру туралы ұсыныс жасадым. Егер ол жақтан қолдау болса, түсірілім шығындарының тең жартысын көтеруге және эфирден шығаруға дайынбыз.

Бұдан бөлек жергілікті медиахолдинг басшылығы қыпшақтардың мәдениеті мен тарихы жайлы бірлескен телебағдарлама дайындауға ұсыныс жасады. Сондай-ақ экспедиция мүшелері Грузия ұлттық ғылым академиясында ұйымдастырылыған ғылыми конференцияға қатысып, жергілікті мамандармен кеңес өткізді. Мәліметтерге қарағанда 1118-19 жылдары Грузияға 40 мың қыпшақ отбасы келген. Олардан шыққан сарбаздар жергілікті қамалдарды жаудан қорғауда ерекше атсалысқан. Кейін басшылық қызметтер атқарған.

РОЙЛ МЕТРОВЕЛИ, ГРУЗИЯНЫҢ ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

- Тарихи деректерге қарағанда жауға тойтарыс беріп, ішкі және сыртқы тыныштықты сақтауда, саяси-экономикалық шешімдер қабылдауда қыпшақтардың ықпалы зор болған. Кейбірі жергілікті халыққа сіңісіп, христиан днін қабылдады. Кейбірі кері қайтты. Тамара патшайымның тұсында басшылық қызметті атқарғандардың көбі қыпшақ болғаны туралы жазба деректер бар. Соның бірі Қубасар. Ол бүкіл Грузия әскерінің қолбасшысы болған.

Қыпшақтардың билікте болғанын айқындайтын тағы бір тұлға – Құтлы Арсылан. Ол туралы деректер грузин жазушысы Шота Руставелидің «Барыс терісін жамылған батыр» шығармасында кездеседі.

ВАЖА ШУБИТИДЗЕ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

- Шота Руставелидің ХІІ ғасырда жазған шығармасындағы негізгі кейіпкер Құтлы Арсылан болуы мүмкін деген болжам бар. Өйткені ол Тамара патшайымның ең сенімді жақын адамы болған. Сондықтан мемлекеттің қаржы саласын сеніп тапсырған. Бірақ оның грузин емес қыпшақ екенін барлығы біледі. Ол кезде қыпшақтар мен грузиндердің қарым-қатынасы өте жоғары деңгейде болған.

Бабалар ізімен экспедицисының Грузиядағы сапары әлі де жалғасады. Бағыт – Ахалцихе қаласы. Бұл шаһар 13-16 ғасыр аралығында Атабек қыпшақ-түрік мемлекетінің астанасы болған.

Фото: worldatlas.com