Рухани байыту үшін 80 миллиард теңге қаражат бөлінеді

Рухани байыту үшін 80 миллиард теңге қаражат бөлінеді

Шығыс Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында 80 миллиард теңге бөлінеді. Соңғы бес жылда өңірде тарих пен мәдениетімізді дамыту бойынша түрлі жұмыстар атқарылуда. Құндылықтарымызды дәріптеп, тарихмызды түгендеуге арналған шаралар легі де жетерлік. 2016-шы жылы өлкенің өткеніне үңіліп, жәдігерлерді іздестіруге арналған «Археологиялық ғылыми зерттеулерді дамыту» жобасы қолға алынды. Алғашқы 3 жылдың жетістігі өткен күзде қорытындыланды. Осы уақыт ішінде жалпы 19 мыңнан астам артефактіге қол жеткізілді. Соның ішінде былтыр жазда олжалы аяқталған Тарбағатай ауданындағы қазба жұмыстарын айтуға болады. Елеке сазы қорымынан алтын адам табылды. Киімі алтынмен апталған жас жігіттің мүрдесі біздің заманымызға дейінгі 8-7 ғасырға жатады.

ЗЕЙНОЛЛА САМАШЕВ АРХЕОЛОГ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

- Елеке сазы дегеннен Тарбағатайда табылған әлгі сақ бекзадасының бір шалбарының өзініңі әшекейі бірнеше ондаған мыңдағанға кетіп қалады. Мәселе оның санында емес солардың тарихи құндылығында. Мысалы технологияның керемет озық дамығанының бір көрінісі ғой. Қазіргі кезде сондай жасай алмайтын, бір милиметр әшекейлерді жіппен тізбектеп содан шалбарын әшекейлеген.

Cондай-ақ, бағдарлама демеуімен археологиялық ғылыми зерттеулер жобасы тағы да 3 жылға ұзартылды.Аталған бағдарлама асында Семейде «Абай әлемi» кітаптар топтамасы жарық көрді. 16 кітаптан тұратын топтамаға данышпан ақын Абай бастаған 10 қаламгердің туындысы енген. Олардың ішінде Федор Достоевскийдің бұрын жарық көрмеген «Семипалатинский период» атты шығармасы бар. Сонымен қатар, осы күнге дейін елеусіз келген тұлғалардың да еңбегі қамтылыпты.

МЕДЕУ СӘРСЕКЕ, ЖАЗУШЫ:

- Әміре жөнінде кітапты 2 тілде қосып шығардық қазақша. Сосын Абайдың шәкірті деп аталатын 13 ақын бар, оны мен емес Мұхтар Әуезов айтқан. Солардың да басы Төлеу ақынды шығардық. Нұрлыбек Баймұратов кітабын дайындап отырмыз. Бір ауыз сөзі үшін Сібірге 25 жылға айдалып кетіп, аман келген кісі.

Ал, Павлодар облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жерұйық» атты кешенді жобаның тұсауы кесілді. Бірнеше жылға шақталған жоба бес бөлімнен тұрады. Ең бастысы, киіз үйдің философиясын сақтай отырып, ағаш үй жасауды өндірістік деңгейге көтеру, кәсіпкерлерді тартып, оларға мемлекеттік бағдарламалар негізінде грант ұтып алуға септесу, онан соң, ер балаларды ата-баба рухында тәрбиелеуге қолғабыс жасау.

АЛТЫН АТЕЕВА, «ЖЕРҰЙЫҚ» БАҒДАРЛАМАСЫНА ҚАТЫСУШЫ:

- Қазіргі жаһандану жағдайында ұлттық құндылықтар аса маңызды болып табылады. Табысы жоғары немесе орташа болсын, адамдардың басым бөлігі тарихымыздан сыр шертетін ұлттық нышаны бар нәрселерге тартылады, оларды сатып алғысы келеді. Сондықтан бүгінде этнодизайны бар заттарға деген сұраныс көп. Меніңше, ондай тауарлар кеңінен таралады, мұндай ұлттық бұйымдар көптеп өтеді. 

Айта кетейік, Ертіс өңірінде бір жылдың ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 200-ге жуық тың жоба іске асырылған. Оның ішінде ішкі туризмді дамыту, атқа міну мәдениетін зерттеу, қолөнер және ұлттық тағамдар мұрасына арналған жобалар бар.

Фото: e-history.kz