Алғысқа бөленген дәрігер

Алғысқа бөленген дәрігер

Гүлжан Сәрсенбаева – жүрегінде ақауы бар балалардың өміріне араша түсіп жүрген жандардың бірі. Білікті кардиохирург Қазақстанның «100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы. Мамандығына деген адалдығының арқасында ол 2018 жылы Алматы қаласы бойынша «Ең үздік балалар дәрігері» атанған. Жаңа туған нәрестенің жүрегіне күрделі операция жасауды меңгерген Гүлжан бүгінде Педиатрия орталығының ғылыми бөліміне жетекшілік етеді. Осында еңбек етіп жүргеніне 20 жылдан асыпты.

ГҮЛЖАН СӘРСЕНБАЕВА, КАРДИОХИРУРГ:

- Қазақстандық медицина аурудың алдын алуға бағытталған, яғни дербестендірілген және профилактикалық. Профилактикалық медицина аясында біздің орталық Қарағанды медициналық университетімен бірлесіп оқушылардың денсаулығын зерттеумен айналысуда. Біз өңірлердегі ауылдық мектептерге барып, оқушылардың денсаулығын тексереміз, олардың психоэмоционалдық жағдайларын бақылаймыз. Нәтижесінде ұсыныстар әзірленетін болады.  

«Болашақ» бағдарламасымен Мәскеуде беделді медициналық жоғары оқу орындарының бірінің аспирантурасында білімін жетілдіріп келген маман Алматыға оралып, практикасын жалғастырған. Бүгінде кардиохирург ультрадыбыстық диагностиканы да жақсы меңгерген. Кәсіби маманға еліміздің «100 жаңа есім» жобасында 10 мыңнан астам адам дауыс берген.

ГҮЛЖАН СӘРСЕНБАЕВА, КАРДИОХИРУРГ:

- Бұл жобаға мені «Болашақ» бағдарламасымен бірге оқыған достарым ұсыныпты. Алғашында «100 жаңа есім» жобасы жайында білмедім. Кішкентай науқастарымның ата-аналары келіп, біз сізге дауыс бердік дегенде өзім де таң қалдым. Сондықтан, бұл жеңісімді ата-аналардың алғысы деп қабылдадым.

Бұдан бөлек, тағы бірнеше ғылыми жобаларға қатысып жүрген маман алдағы уақытта докторлық диссертациясын қорғамақ. Себебі, медицина ғылымын дамытқанда ғана, баланы аман алып қалу мүмкіндігі жоғары болмақ, дейді дәрігер.

 

Фото: http://100esim.el.kz