Сайлау ел дамуына серпін береді

Қазақстандағы кезектен тыс Президент сайлауы ел дамуына серпін береді. Бұл –Германия Бундестагі Халықаралық істер комитетінің өкілі Андреас Янның пікірі. Ол жаңадан сайланатын мемлекет басшысы республиканың экономикалық даму бағытын сақтай отырып, бітімгершілік миссиясын да жалғастырады деген сенім білдірді.

АНДРЕАС ЯН, БУНДЕСТАГ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ІСТЕРІ КОМИТЕТІНІҢ ПАРЛАМЕНТТІК ХАТШЫСЫ:

- Кезектен тыс сайлау өткізу демократиялық принциптің көрсеткіші. Мен бұдан бұрын сіздердің елге бақылаушы ретінде барған едім. Осы жолғы  сайлау да жоғары деңгейде өтеді деп сенемін. Қазақстан бүгінде әлемдік аренада маңызды рольге ие. Мәселен, Астана  процесі  Сириядағы  жағдайды реттеуге үлкен үлес қосты. Жаңадан сайланатын президент те   жаһандық бейбіт бастамаларды одан әрі  жалғастырады  деп үміттенеміз.

Ал Грузия Парламентінің депутаттары болса, Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы келешектің қамы, тұрақтылық кепілі дейді. Сондай-ақ, заңға сай халық таңдаған жаңа басшы мемлекетті жаңа жетістіктерге жетелейтініне үмітті.

ДАВИД ЧИЧИНАДЗЕ, ГРУЗИЯ ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

- Қазақстан бұрынғы Кеңес республикалары арасында ең табысты елге айналды. Расында да елдің экономикалық жетістіктері таңқалдырады. Осы жолды жалғастыру қажеттігін Қазақстан халқы түсінеді деп ойлаймын.

Оңтүстік кореялық саясаткер Ким Сан Чхольдің айтуынша, Қазақ елі бүгінде үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Енді  саяси өзгерістерді уақыт талап етіп отыр. Саясаттанушы қабылданып жатқан барлық шаралар ел игілігі үшін жасалып жатыр деген пайымда.

КИМ САН ЧХОЛЬ САЯСАТТАНУШЫ:

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы сайлаудың әділ әрі ашық өтетініне уәде берді. Сондықтан да азаматтардың белсенді қатысуы маңызды.Себебі, нағыз көшбасшы өз халқының қолдауымен ғана ел басқарады. Меніңше, мерзімінен бұрын сайлау өткізу  халықтың экономикалық - әлеуметтік дамуы үшін маңызды.

Фото: www.inform.kz