Алматыда XVI Еуразиялық медиафорум өтеді

Алматыда XVI Еуразиялық медиафорум өтеді

Қазақстанда тағы да әлем сарапшылары бас қосады. Мамыр айында Алматыда XVI Еуразиялық медиафорум өтеді. Белгілі сарапшылар, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «Жаһансыздану: әлем жаңа даму моделін іздестіру жолында» тақырыбы төңірегінде пікір алысады. Әлемдік медиакеңістіктегі үрдістер, цифрландырудың әсері. Осы және өзге де сауалдарға медиафорум қатысушылары жауап бермек. Ұйымдастырушылар  форумның бағдарламасын Лондонда жария етті.

СТИВЕН КОУЛ, ЕАМФ ТІЗГІНШІСІ, CGTN ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ЖҮРГІЗУШІСІ:

- Менің форумда қозғайтын тақырыбым - жаңа әлемдік жаһандық тәртіп. Бұл өте маңызды мәселе. Басқалар оған қысқаша жауап беруге тырысып келді. Біз әлемді кім және қалай билейтінін толығымен анықтауға атсалысамыз.

Форум - білім мен тәжірибе алмасудың тиімді тетігі. Оның аясында арнайы семинарлар мен шеберлік сабақтары өтпек. Журналистер мен медиа-қауымдастық өкілдеріне әлемдік деңгейдегі сарапшылар ұстаздық етпек.

СЬЮ ФИЛЛИПС, ЕАМФ БАС ПРОДЮСЕРІ:

- Бізде шынымен де әрқилы интерактивті шеберлік сабақтары көп. Олар өте мазмұнды және танымдық деңгейі жоғары. Сондай-ақ, біз үшін білім және ақпаратпен сусындаған қазақстандық журналистерді көру - үлкен қуаныш.

Әдеттегідей осы жолы да Еуразиялық медиафорумдағы пікір алмасу медиасаланың алдағы дамуының бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді, дейді ұйымдастырушылар. 

Фото: egemen.kz