Қазақстан мен Оңтүстік Корея медициналық ынтымақтастығын нығайтпақ

Қазақстан мен Оңтүстік Корея медициналық ынтымақтастығын нығайтпақ

Қазақстан мен Оңтүстік Корея дәрігерлері әріптестік байланыстарын тереңдете түспек. Тараптар алдағы жылдары бірлесіп атқаратын жұмыстар тізімін түзді. Соңғы жылдары екі ел арасында медицина саласындағы өзара іс-қимыл ерекше қарқын алған. Алматыда қазірдің өзінде үш оңтүстіккореялық клиника бар. Өзге өңірлерде де жаңа орталықтардың құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол мекемелерде шетелдік мамандармен бірге қазақстандық дәрігерлер де жұмыс істейді. Айта кетейік, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы құжатқа қол қою президент Мун Чже Ин мырзаның Қазақстан елордасына жоспарланған сапары кезінде белгіленіп отыр.

КАН ДО ТЭ, КОРЕЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

- Алдағы уақытта екіжақты қарым-қатынасты одан әрі де нығайта береміз. Оңтүстік Корея Президентінің Қазақстанға сапары кезінде меморандумға қол қою жоспарланған. Оны үкіметаралық ынтымақтастықтың жол картасы деп айтуға болады.

ЛИ КВАН УН, СЕУЛ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ АУРУХАНАСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

- Ақтөбеде диагностикалық орталық салынып жатыр. Оны құрал-жабдықтармен жарақтандыру, бағдарламамен қамтамасыз ету және қызметкерлерін оқыту біздің мойнымызда. Сонымен бірге,  онкологиялық ауруларды емдеу орталығын құруды қарастырып жатырмыз.

Қазақстанда ұзақ жылдар бойы оңтүстіккореялық мамандардың тәжірибесі қолданылып келеді. Жыл сайын жүздеген қазақстандық дәрігер олардың үздік емханаларында біліктіліктерін шыңдайды. Сабит Досанбаев – Кореядағы клиникалардың бірінде бір жылдық тағылымдамадан өткендердің бірі. Онда ол құлтемірдің  көмегімен операция жасауды үйренді.

СӘБИТ ДОСАНОВ, ҚҰРСҰЛТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ №1 АУРУХАНАНЫҢ ДӘРІГЕРІ:

- Кореяда озық медициналық құралдар бар. Олар операция жасауды жеңілдетіп, қауіпті ісікті бастапқы кезде-ақ анықтауға мүмкіндік береді. Осында алған тәжірибемді Астанада қолданамын деп үміттенемін.

Екі ел арасындағы қарым-қатынастарды дамытудағы маңызды жетістік білім саласындағы келісім болды. Бүгінгі таңда кореялық дәрігерлер Қазақстанның ең ірі медициналық оқу орындарында сабақ береді. Сондай-ақ, Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде оңалту бөлімін ашу мәселесі қаралуда. Мекеме проректорының айтуынша,  Оңтүстік Кореяның тәжірибесін зерделегеннен кейін медицина университеті үлкен кешенге айналуда. Онда тек дәрігерлерді оқытып қана қоймай, сонымен қатар науқастарға ем-дом көрсетіліп, зерттеу жұмыстары да жүргізілетін болады. Яғни, оқу орнының жанында өз ауруханасы болады деген сөз. Оның құрылысына оңтүстіккореялық компаниялар инвестиция бағыттауға да ниет білдіріп отыр.

БАУЫРЖАН ЖҮСІПОВ, С.АСФЕНДИЯРОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰМУ ПРОРЕКТОРЫ:

- Келесі маңызды қадам - үлкен университет клиникасының құрылысы. Сондай-ақ, біздің университетте оңалту кафедрасын ашу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Оның ашылуына да кореялық серіктестер қол ұшын беруде.

Қазақстан-Корея байланыстарының, соның ішінде, медицина саласындағы әріптестіктің тереңдей түсуіне екі елдің достық ынтымақтастығы септігін тигізді. Еске салсақ, Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде Оңтүстік Кореямен алғашқы болып дипломатиялық қатынас орнатқан. 

Фото: businesskorea.co.kr