БҰҰ отандық экзоскелетті ТОП-20 инновациялық шешімдер тізіміне енгізді

БҰҰ отандық экзоскелетті ТОП-20 инновациялық шешімдер тізіміне енгізді

Қазақстандық ғалымдардың өнертабыстары халықаралық деңгейге шықты. БҰҰ Назарбаев Университетінің ғалымдары ойлап тапқан жаңалықты ТОП-20 иновациялық шешімдер тізіміне енгізді. Зерттеушілер инсульт алған науқастың оңалуына септесетін қолдың экзоскелетін құрастырған. Жасанды мүше оймен басқарылады. Бұл жүйе аурудан жылдамырақ айығып кетуге арналған дейді жоба авторлары.

БЕЙБІТ ӘБДІКЕНОВ, ЖОБА АВТОРЛАРЫНЫҢ БІРІ, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДОКТОРАНТЫ:

- Жаһандық нарық жөнінде айтатын болсақ, жақында БҰҰ мен ЮНИСЕФ ұйымдастырған халықаралық көрмеге қатысып қайттық. Оның аясында әлемнің 86 жобасының ішінен 20 жоба іріктеліп алынды. Біз онда өз бастамамызды таныстырдық. Оларға ұнады. Қазір ЮНИСЕФ және ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен тығыз жұмыс жасап жатырмыз. Олар бізге жан-жақты қолдау білдіріп жатыр. Осы әріптестік арқылы біз шетелдік нарықтарға шығуды жоспарлап отырмыз.

Арнайы алгоритмдік жүйесі бар бастама толықтай отандық ғалымдардың өнертабысы болып табылады. Жоба инклюзівті инновацияларды қолдау бағдарламасы бойынша Дүниежүзілік банктің грантын ұтып алғанын айта кету керек. Енді ғалымдар өнертабысын патенттеп, еліміздің медициналық ұйымдарына ендіруді көздеп отыр.

БЕЙБІТ ӘБДІКЕНОВ, ЖОБА АВТОРЛАРЫНЫҢ БІРІ, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДОКТОРАНТЫ:

- Қазақстан үшін біздің өнертабыс шетелдік баламалы түрлеріне қарағанда 7-8 есеге дейін арзан болады. Оны екі жыл бойы жүзеге асыратын боламыз. Қазір біз екінші үлгісін жасап шығардық, жыл соңына дейін үшіншісі де болады. Келер жылы сертификациядан өтіп, тіркеп, патен алу жоспарда бар.

Еске салайық, Назарбаев Университет Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің бастамасымен ашылды. Тоғыз жылдың ішінде жоғарғы оқу орны иновациялық зерттеулер жүргізу бойынша жетекші мекемелердің біріне айналды.

Фото: kazpravda.kz