Қазақстандықтар Наурыз мейрамын қарсы алды

Қазақстандықтар Наурыз мейрамын қарсы алды

Наурыз - түркі әлеміне ортақ ұлық мейрам.  Бұл күн мен түннің теңесуімен қатар, табиғат оянып, қоршаған орта жаңарып, тіршілік атаулының жаңаша түлейтін кезі. Ұлыстың ұлы күні кең көлемде аталып жүргеніне 5 мың жыл болған. Қазақстанда наурыздың 21-ші жұлдызы шуақты көктемнің қыстың қаһарын  жеңіп, толықтай үстемдік құрғанын білдіретін күн саналады. Көпұлтты мемлекет халқы ұлттық мейрамды бір ананың балаларындай ұйып қарсы алады.  

АНАСТАСИЯ ТИМОЩЕНКО-БОРОВИКОВА, «ОБЕРЕГ» УКРАИНДЕР ҚОҒАМЫ» ҚБ ӨКІЛІ:

- Наурыз бойға жылу ұялататын жарқын мейрам. Оны жаңғыру мерекесі деп те айтады. Ұлтымыз украин болғанымен, біз қазақ жерін мекен етіп жүрген қазақстандықпыз. Сондықтан наурызды елдегі барша халық өкілдерімен бірге қарсы аламыз. Ет асып, кең дастархан жаямыз. Әрине, қазақтың ұлтық асымен бірге украин тоқаштары, қайнатылған тәтті тосаптар, бәліштер қойылады. Екі елдің ұлттық тағамдары бір дастархан үстінде тоғысады. Дәмі тіл үйірер тағамдарға үйреніп қалыппыз. Оларсыз бірде-бір мейрамды елестету мүмкін емес.

Әз-наурызды халық  бар сән-салтанатымен қарсы алады. Ең жақсысын киген дүйім жұрт бір-бірін қонақтап, төс қағыстырады, ізгі тілектерін жолдайды. Ауызбіршілікке үндейтін мейрамда ескi жылдан қалған өкпе-назы болса, кешiрiм сұрап, көңiлдерiн жiбiтедi. 

ХАНУМ АХМЕТОВА, «БАРБАНГ» КҮРДТЕР   ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:

- Наурыз - біздің халықтың ең сүйікті мейрандарының бірі. Көктем мерекесін тағатсыздана күтіп, жақсы көңілмен қарсы аламыз. Кең көлемде атап өтуге тырысамыз. Қыс райынан қайтып, күн шуағын шашқан кезді ұлықтау үшін ұлттық тағамдарымызды әзірлейміз. Дәстүрге сай Наурызды үш күн бойы қатарынан тойлаймыз. Қазанда қазақтың бауырсақтарын майға қуырып жасаймыз. Шынымды айтар болсам, қазақтың асылған еті біздің жанұямыздың сүйікті асына айналды. Әр мереке сайын дастархан басынан табылады.

Шынымен де мейрамды дастарханның сәнін келтіретін дәмі тіл үйірер ұлттық тағамдарсыз елестету қиын. Шякар-Бура, пахлава, шорго-гал, сямани. Аты аталған бұл тағамдарды дастарханға қоймайтын әзербайжан үйі жоқ шығар. Оларға қазақтың асылған еті міндетті түрде қосылады.

РАБИЛ КУЛИЕВ, «ХАЗАР» ӘЗЕРБАЙЖАН МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бұл уақытта адамдар бір-біріне тек жылы лебіздерін білдіреді. Наурызды тойлауға барынша дайындалып, кең дастархан жаяды. Ұлттық тағамдар әзірленеді. Осы күндері кез-келген мейманға есік ашық, қонаққа сый-ияпат жасалып, жақсылап күтіледі. Сондықтан қуаныш сыйлайтын күнде шаттықта шек болмайды.

Түрлі ұлтты бір шаңырақ астына жиған Қазақстанда Наурыз жалпыхалықтық сипатқа ие болған мейрам. Ол ұлтаралық келісімге шақырып, бірлікке үндейді. Сондықтан ортақ мерекеден өлкеміздің этно-мәдени орталықтарының бірі де шет қалмайды. Бұл күндері ел бойынша алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады. Ақындар сөз, ел ат жарыстырып, балуандар иық тіреседі, ұлтық ойындарда ептілік пен білек күші сыналады.

Фото: today.kz