Қазақстанның туристік әлеуеті Мәскеудегі халықаралық көрмеде таныстырылды

Қазақстанның туристік әлеуеті Мәскеудегі халықаралық көрмеде таныстырылды

Қазақстанның туристік әлеуеті Мәскеудегі халықаралық көрмеде таныстырылды. Ұлттық павильонда орналасқан 12 компания төрткүл дүниеден жиылған жұртшылыққа өздері ұсынатын қызмет түрлерін ұсынды. Оның ішінде Астана мен Алматы қалаларына саяхат жасау, экологиялық және этнотурлар, тіпті Байқоңыр ғарыш айлағында зымыранның ұшырылу сәтін тамашалау да бар. Туризмнің ішінде аспаздық салаға да айрықша көңіл бөлінген. Сарапшылардың пікірінше, ұлттық тағамдарымыз елімізге көбірек турист тартуға септігін тигізеді. Бүгінде аспаздық туризм бүкіләлемдік үрдіске айналғаны белгілі. 

ҚАЙРАТ СӘДУАҚАСОВ, KAZAKH TOURISM ҰК БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Ұлттық мейрамханаларға бару кез келген турға кіреді. Ал біздің ұлттық тағамдарымызды әлемде біле бермейді. Сол себептен осындай көрмелерде таныстырып жүрміз. Гастрономиялық туркарта дайындалып жатыр, онда турист қай аймақта қандай тамақ іше алатынын көреді. Сондай-ақ көне замандағы тағамдарды жаңғыртумен айналысып келеміз. 

Қонақтар дастархандағы қазы-қарта, жент пен бауырсақтың дәмін татып, қазақстандық туризмді жаңа қырынан таныды. Жалпы былтыр елімізге Ресейден 1 млн 700 мың турист келген. Мамандардың болжауынша, биыл олардың саны 5-6% артады. Шетелдіктер көбінесе Астанада болып, Алматы облысын аралайды. 

МЕЙРАМБЕК ҚАПАСОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

-  Ресей туристері Алакөл көлдің 70% құрайтын. Жазғы маусымда демалушылар көптеп келеді. Көрме аясында Kazakh Tourism ресейлік компаниялармен ынтымақтастық жөнінде бірнеше келісімге қол қойды.

Мәскеудегі шара әлемдегі ең ірі 5 көрменің қатарында. Биыл оған 54 елден 2 мыңға жуық компания қатысып жатыр. Көрме шеңберінде туризмді дамытушы ұлттық компания ресейлік әріптестерімен өзара ынтымақтастық және туристік өнімді өткізу туралы бірнеше келісімге қол қойды.

Фото: sputniknews.kz