Астанада «Әйел және ғылым» дебаты өтті

Астанада «Әйел және ғылым» дебаты өтті

«Әлемге ғылым, ал ғылымға әйел қажет». Елордада осындай айдар тағылған дебат ұйымдастырылды. Азаматтық қоғам өкілдері мен танымал мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ табысты нәзік жандылар гендерлік саясат және әйелдерді жұмыспен барынша қамту мәселелері бойынша пікір таластырды. Сондай-ақ әйелдердің ғылымдағы белсенділігі мен рөлін арттыру жағы да әңгіме өзегіне айналды. Қызу талқыға ұласқан шараны Қазақстандағы Франция елшілігі ұйымдастырды.

ЛОР КАСТЭН, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ФРАНЦИЯ ЕЛШІЛІГІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

 - Франция елшілігінде осыдан 1 жыл бұрын Астана және Қазақстанның өзге аймақтарындағы француз тілінде сөйлейтін әйелдердің клубы ашылды. Жылына бірнеше рет бас қосып, өзекті мәселелерді талқыға саламыз. Осы жолы «әйел және ғылым» тақырыбын таңдадық. Негізінен зерттеу ісі мен инженер сынды мамандықтардағы әйелдердің үлесін саралаймыз.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының мәліметінше, әлемде тек нәзік жандылардың 2 пайызы доктор дәрежесін алған. Ұлттық ғылым өкілдерінің баяндамасына сай, Қазақстанда 2018 жылы жаратылыстану және гуманитарлық ғылым салаларында 1637 әйел доктор дәрежесіне ие. Мамандардың айтуынша, елімізде әйелдерді ғылымға тарту үшін барлық жағдайлар жасалған.

Фото: depositphotos.com