Елбасы әйелдер қауымын 8 наурыз мерекесімен құттықтады

Елбасы әйелдер қауымын 8 наурыз мерекесімен құттықтады

Ақордада мемлекет басшысының қатысуымен «Көктем шуағы» атты дәстүрлі кездесу өтті. Президент Нұрсұлтан Назарбаев саясат, экономика, білім беру мен денсаулық сақтау және қорғаныс пен мәдениет салаларында елеулі еңбек етіп, толайым табысқа кенеліп жүрген нәзік жандыларды және көпбалалы аналарды мерекелерімен арнайы құттықтады. Елбасы «ана – мемлекеттің негізі» дей келе, көпбалалы аналарға айрықша құрмет көрсетіп, жылы лебізін білдірді.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

-  Ананың құдіреті шексіз. «Оның алдында бүкіл дүние бас иеді» деп тегін айтылмаса керек. Ерте заманда жауласқан жұрттың ортасына ана ақ жаулығын тастаған кезде соғыс тоқталып, бітімге келетін болғанын білеміз. Дәстүрімізді барынша сақтап келе жатқан біз әйел затын әсіресе қадірлейтін xалықпыз. Қазақ ұлты қыз баланы әр уақытта алақанына салып, аялап отыратын. Бұл салтымыз отбасы үшін бұзылмас заңдылыққа айналып келеді. «Ана» деген қастерлі сөзді естігенде тебіренбейтін жүрек жоқ, толқымайтын көңіл болмайды.

Жиын соңында мемлекет басшысы көпбалалы аналарға «Алтын алқа» табыстады.

Фото: akorda.kz