Шахматтан командалық Әлем чемпионаты алғаш рет Қазақстанда өтуде

Шахматтан командалық Әлем чемпионаты алғаш рет Қазақстанда өтуде

Шахматтан командалық Әлем чемпионаты алғаш рет Қазақстанда өтуде. Елордадағы сайыста әлемнің 14 елінің үздік шахматшалары бақ сынап отыр. Шаршы тақтада Қытай, Әзербайжан, Иран, АҚШ, Мысыр, Ресей, Швеция, Англия, Украина , Мажарстан мен Арменияның үздіктері жарысатын болады. Шахматтың отаны саналатын Үндістанның командасы да бар. Олардың арасында әлем мен әр құрлықтың чемпионы атанған мықтылар аз емес.

ЖАНДОС АБИШЕВ, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

-  Айтарлықтай сыйлық қоры қарастырылмаған. Әр команда өз елінің намысын қорғайтын болады. Әрине, үздіктерге медаль, кубок табысталады.  Бұл жарысқа 2016 жылғы әлемнің вице-чемпионы, мықты шахматшылардың бірі – Сергей Карякиннің қатысуы жарыстың деңгейін аңғартады деген ойдамын. Әр ел өзінің үздік деген шахматшыларын әкеліп отыр.

Қазақстан құрамасы сапында Ринат Жұмабаев, Мұртас Қажығалиев,  Әнуар Исмағамбетов, Денис Махнев пен Петр Костенколар өнер көрсетсе, нәзікжандылар арасында Динара Сәдуақасова, Бибісара Асаубаева, Гүлісхан Нахбаева, Гүлмира Дәулетова  мен Жансая Әбдімәлік те бар. Команда көшбасшысы – Жансая басты қарсылас ретінде Ресей, Украина және Қытай елінің ойыншыларын қарастырып отырмыз,-дейді.

ЖАНСАЯ ӘБДІМӘЛІК, ГРОССМЕЙСТЕР, ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

 - Әйелдер құрамасы жарысты 6-шы нөмірде бастады. Сондықтан үздік бестікке ену жоғары көрсеткіш болады деген ойдамын. Әрине, бұдан да жақсы өнер көрсетуге тырысатын боламыз. Біз үшін қазір турнирге бар күшімізді салу маңызды. Команда ішіндегі қарым-қатынасымыз өте жақсы.

Шахматтан тұңғыш әлем чемпиоанты 1886 жылы ұйымдастырылған болатын. Қазіргі таңда әлемде 650 млн адам шахмат ойнайды. Олардың 200 мыңы – қазақстандық ойыншы. 

Фото: sovsakh.ru