Шетелдіктер Қазақстан медицинасын таңдайды

Шетелдіктер Қазақстан медицинасын таңдайды

Қазақстанға медициналық көмек алу мақсатында шетелдіктер көптеп келуде. Мәселен, медициналық туристер арасында кардио, нейрохирургия, репродуктология, стоматология мен ортопедтің көмегіне жүгінеді. Сондай-ақ ағза мүшелерін алмастыру қызметтеріне және емдік процедураларға сұраныс жоғары. Елімізге әлемнің 45 мемлекетінен бірнеше жүздеген медициналық турист келеді. Олардың арасында Ресей, Түркия, Венгрия, Қырғызстан сынды мемлекеттерден келген емделушілер бар.

ӘШІРГҮЛ БЕРДІМҰРАТОВА, ЕМДЕЛУШІНІҢ АНАСЫ (ӨЗБЕКСТАН):

-  Ұлттық нейрохирургия туралы жиі естіп, ақпарат беріліп тұратын. Нейрохирургтар өте тәжірибелі, мейірімді.  Барлық дәрігерлер жауапты. Өте тамаша, білікті дәрігерлер, мың алғыс айтамын.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Қазақстанда JCI халықаралық стандарты бойынша 7 клиника аккредиттелген. Сонымен қатар ауруханаларда аккредитацияның болуы өзге елде сапасы жоғары медициналық қызметтерге жүгінетін шетелдік туристер үшін сенімділік кепілі болып саналады.

СЕРІК КӘРІБАЙ, ҰЛТТЫҚ НЕЙРОХИРУРГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМШЕ МЕҢГЕРУШІСІ:

 - Шетелдіктерден неліктен қазақстандық емханаларды таңдадыңыздар деп сұрағанда, олар: Түркия, Қытай елдеріне баруға болушы еді, алайда Қазақстан бізге тіл жағынан да, дін жағынан да жақын, деп жауап береді. Біздің мамандар ірі мемлекеттерде, соның ішінде Америка және Еуропада білім алып келеді. Екіншіден, «Болашақ» бағдарламасы бізге үлкен септігін тигізіп жатыр.

Медициналық туризмді дамыту, сонымен қатар заманауи технологиялар мен инновацияларды енгізу арқылы да дамып келеді. Мысалы, соңғы 5 жылда Ақтөбеде 40-тан астам заманауи медициналық орталықтар салынды. Барлығы да заман талабына сай жаңа технологиялармен жабдықталған. Егер 2 жыл бұрын мұнда 100-ге жуық адам емделсе, өткен жылы 500-ге жуық шетел азаматы медициналық көмекке жүгінген.

Сонымен қатар елімізде репродуктивтік технологияларды дамытуға көп көңіл бөлінеді. Бүгінгі таңда отандық клиникалар Еуропаның, АҚШ пен Оңтүстік-Шығыс Азияның алдыңғы қатарлы орталықтарымен теңестіріледі. Сонымен қатар соңғы 22 жылда біздің елімізге бедеулікті емдеу, репродуктивті медицинаға 51 елден науқас келген. Олардың қатарында АҚШ, Австралия, Сингапур, тіпті Малайзия елінен келушілер де бар.

РАВИЛЬ ВАЛИЕВ, ЖОҒАРҒЫ САНАТТАҒЫ  ГИНЕКОЛОГ- РЕПРОДУКТОЛОГ

 - Бізге көрші мемлекеттерден жұптар көптеп келеді. Әсіресе Қырғызстан елінен, Өзбекстан мемлекеттерінен жұптар көп келеді. Себебі, өкінішке орай, көршілес елдерде Ресейден басқа, белгілі бір себептермен репродуктивті медицина, ЭКО бағдарламасы кеңінен дамымағандығында деп те айтуға болады. Сондай-ақ Қазақстанда рұқсат етілген көптеген бағдарламалар, атап кетер болсақ, суррогат ана, эмбрионды сақтау, эмбриондарды көптеп алу себеп болып отыр.

Бүгінде Қазақстандағы клиникада шетелдік пациенттерге барлық жағдайлар жасалған. Атап айтар болсақ, қолайлы географиялық жағдайдан бастап, дамыған әлемдік технологияларға дейін барлығы бар. Емдеудің жоғары сапасымен қоса, Қазақстанда басқа елдермен салыстырғанда, бағаның қолжетімділігі пациенттерді қуантады.

Фото: forbes.kz