«Kazakh TV» және «Хабар 24» телеарналары Ресей нарығына шықты

Қазақстандық «Kazakh TV» және «Хабар24» телеарналарының аудиториясы кеңеюде. Енді отандық қос арна 5 миллионнан астам халқы бар шекаралас жатқан Ресейдің бірнеше аймағына хабар таратады. Бұл бұрындары ана тіліндегі бағдарламаларды тек ғаламтордан іздеп жүріп көретін  қандастарымыз үшін тосын сый болды.

МӘРЗИЯ ИБРАЕВА, ШАЯНОВА, ЧЕЛЯБІ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Біз қазақ  тілімен қатар ағылшын тілін білуіміз керек. Менің екінші сыныпта оқитын немерем ағылшын тілін меңгеріп жатыр. «Kazakh TV» арнасы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде хабар береді.

САРА ӘБДІРАХМАНОВА, ЧЕЛЯБІ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Бұл арналар өте қажет. Егер жастар кешке қазақстандық арналарды қосып отырса, қазақ сөздерін сіңіріп отырады. Қазақстанда қандай жаңалықтар болып жатқаны баршамызға қызық.

Жаңадан қосылған көрермендерде елде болып жатқан барлық саяси, экономикалық және мәдени жаңалықтардан құлағдар бола алады.

ҮМІТ БАЙДӘУЛЕТОВА, ЧЕЛЯБІ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Теледидар қарағанда көптеген концертті өзіміз көреміз. Өте қуаныштымыз. Біз қазақ концерттерін жақсы көреміз. Концерттер арқылы жаңа әндер, жаңа орындаушылар мен бишілерді білеміз.

Қазақстандық тарапқа көрші елдің ақпарат нарығына ену оңайға түскен жоқ. Ақпарат жəне коммуникациялар министрлігі мен «Хабар» Агенттігі бірлесіп, күрделі келіссөздер жүргізудің нəтижесінде тиісті лицензияға қол жеткізді. Ресейлік тарап та бұл орайда белсенділік танытты.

РОБЕРТ МУРАДЯН, «ХАБАР» АГЕНТТІГІ» АҚ ДАМУ ЖӨНІНДЕГІ БАС МЕНЕДЖЕРІ:

 - Біздің өткен тарихымыз, бүгінгі күніміз, алдағы болашығымыз да тығыз байланыста. Осындай қарым-қатынасымыздың алуандығын ескере отырып, отандық екі арнаны Ресейге шығару жөнінде шешім қабылданды. Зерттеу барысында Ресей телекөрермендерінің арасында Қазақстанда болып жатқан жағдайларға, өзгерістерге қызығушылық бар екендігін анықтадық.

Болашақта қазақстандық «Kazakh TV» мен «Хабар 24» қос арнасын Ресейдің барлық федералдық, өңірлік кабелдік операторларына қосу межеленіп отыр.

Фото: ptzgovorit.ru