Қазақстан-Франция: Білім саласындағы ынтымақтастық

Қазақстан-Франция: Білім саласындағы ынтымақтастық

Қазақстан мен Франция білім, ғылым және мәдениет саласындағы байланыстарын кеңейтуде. Алматыдағы Сорбонна-Қазақстан Институтында «Абай-Верн» стипендиялық бағдардамасының II кезеңі ресми түрде іске қосылды. Ол 2-ші курс студенттеріне Францияның жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік береді. Одан басқа «Make our planet great again» атты бірлескен білім беру жобасы да іске асырылуда. Ол экология мен климатты зерттеу мәселелерімен айналысатын қазақстандық магистранттарға Францияда білімдерін жетілдіруге мүмкіндік береді.

ЛОР КАСТЭН, ФРАНЦИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІЛІГІНІҢ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСШІСІ:

 - «Абай-Верн» бағдарламасының докторантура деңгейінде іске қосылуы өте маңызды, өйткені бұл біздің зертханалардың, университеттердің арасында ғылыми ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізеді. Барлығы – 100 стипендия.

Франция Елшілігі кеңесшісінің айтуынша, 1 наурыздан бастап Қазақстанда «Франкофония көктемі» басталады. Шымкент, Өскемен, Қостанай, Астана, Алматы және басқа да қалаларда француз әндерінің концерттері, фильм көрсетілімдері өткізіледі. Екі айға арналған мәдени бағдарлама өте мазмұнды болмақ. Сондай-ақ биыл жазда елшілік «Музыка мерекесін» ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл шара Францияда алғаш рет 1983 жылы аталып өтілген, ал бүгінде оны әлемнің 120 елі мерекелейді.