Ертіс өңірінің кардиохирургтері жүрекке бірегей операция жасады

Ертіс өңірінің кардиохирургтері жүрекке бірегей операция жасады

Ертіс өңірінің кардиохирургтері 58 жастағы тұрғынның жүрегіне бірегей операция жасады. Білікті мамандар «хирургиялық крио-абляция» деп аталатын әрекеттің әдіс-тәсілін түркиялық әріптестерінен меңгерген. Осы тектес ашық жүрекке жасалатын операциялар Азия елдері ішінде Павлодарда ғана қолданысқа ие. Еуропа мемлекеттерінде де жаңадан енгізіліп жатыр. Бұл операциялар жүрек қағысы бұзылған және патологиялары бар пациенттерге тиесілі. Сырқаттың денсаулығына зақым келтірмес үшін хирургиялық әрекет барысында жүрек учаскелері – 160 градуста мұздатылады. Тиісті жұмыстан соң жүрек қағысы бұрынғы қалпына келтіріледі. Мамандардың айтуынша, тіркелген сырқаттардың 20%-ы жүрек ритмінің бұзылуынан зардап шегеді.

АЛМАС АНТИКЕЕВ, ОБЛЫСТЫҚ КАРДИОХИРУРГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

 - Операция барысында аргон газы қолданылады. Бұл газ электродтар арқылы жүректі мұздатады. Нәтижесінде жүрек жолдары арқылы белгілі бір учаскелері электр өткізгіштігін жоғалтады. Кейін жүректің бұрынғы қағысы қалыпқа келеді. Бұл операцияны бірнеше жыл бұрын меңгердік. Бүгінде аясы кеңейіп келеді.

Айта кетейік, облыстық кардиохирургиялық орталықта бір жылда 4 мыңнан астам операция жасалады. Бүгінде дәрігерлер 50-ден астам операцияның инновациялық тәсілдерін жетік меңгерген.

Сонымен қатар елімізде алғаш рет роботтың көмегімен бүйрекке операция жасалды. Дәрігерлердің айтуынша, бұрын қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың бүйрегін толық алып тастауға тура келетін. Ал қазір роботтық технологияның көмегімен бүйректі сақтап, тек зақымданған бөлікке операция жасалады. Бүгінгі таңда жаңа тәсілмен 50-ден астам науқас емделіп шықты. Жаңа технологияның артықшылығы көп. Операция кезінде науқастардың өзге дене мүшелерінің зақымдануы азайып, тез қалпына келеді. Робот урология, жалпы хирургия және гинекология салаларында қолданылады.

ЕРЛАН ЕҢСЕБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ІС БАСҚАРМАСЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

 - Қазір сондай операцияларды көбейтпекпіз. Біздің елге, біздің халқымызға бұл қолжетімді операциялар. Алдында барлығына белгілі болғандай ондай аурулар медициналық туризм саласымен Оңтүстік Кореяға, Израильге кететін, Еуропаға баратын. Менің ойымша, қазіргі роботохирургия осылай өсе беретін болса, біздің сырқатқа шалынған азаматтар өз елінде, өз жерінде осындай көмек алуға мүмкіндігі болады.

Жеңіл операциядан бастаған мамандар, ай сайын күрделі емдеу тәсілдерін меңгеруде. Биыл емханада арнайы оқу орталығын ашу жоспарланып отыр. Айта кетейік, роботпен операция жасауды үйрететін оқу орталықтары әлемде АҚШ пен Италияда ғана бар.

Фото: alanda-hirurgia.kz