Жастардың жобаларын қолдауға 1000 грант бөлінеді

Жастар жылы жастардың бастамалары барынша қолдау табады. Биыл 1 мың өнертабысты жүзеге асыру үшін арнайы гранттар бөлінеді. Әрбір тың ойды қанаттандыруға 1 миллион теңге көлеміндегі қайтарымсыз қаржы қарастырылып отыр. Бұл жөнінде елордада өткен «Арманда! Ұсын! Іске асыр» атты үздік тәжірибелер форумында айтылды.

ГҮЛМИРА ЕСКЕНДІРОВА, ZHAS PROJECT ЖОБАСЫН БАСҚАРУ ТОБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Ол бір топ балаларға беріледі. Топтың ішінде 3-тен кем емес, 5-тен артық емес жас топ құрып, өздерінің әлеуметтік идеяларын ұсынады да, соны жүзеге асыруға 1 млн теңгедей қаржы ала алады. Соған қоса ай сайын 6 ай бойы стипендия алады. Егер олардың жоғары білімдері болса, стидендияның мөлшері 60 мыңға жетеді. Ал мектеп не колледжде оқып жатқан жастарға 40 мың теңге беріледі.

Есеке салайық, «Zhas project» жобасы 2 жыл бұрын бастау алған. Бұған дейін 5,5 мың жас оның игілігін көріп, жеке ісін ашу мүмкіндігіне ие болған. Өндіріс жолына шыққан жас кәсіпкерлер төл бұйымдарын елордада өткен көрмеде көпшілік назарына ұсынды.

АБЗАЛ МЫШБАЕВ, ЖОБА ЖЕҢІМПАЗЫ:

 - Біз осы гранттың арқасында өзімізге қажетті құрал-саймандар сатып алдық. Енді сол құрал-сайман арқылы ұлттық нақыштағы бұйымдар, яғни киіз үйлер, шақыру билеттер сынды заманауи үлгідегі бұйымдар жасаймыз. Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі таңдағы латын әліпбиі мен кириллицаны жаңа түрде жасап оқушыларға тегін таратамыз.

Биыл да жалғасын тапқан дәстүрлі жобаның шарапатын тату мүмкіндігіне Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының жастары ие болмақ.

Сурет z-taraz.kz сайтынан алынды.