«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының II кезең жеңімпаздары анықталды

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының II кезең жеңімпаздары анықталды

Елордада «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жаңа жеңімпаздары таныстырылды. Бұл – ел мерейін асырып, дамуына зор үлес қосқан жандарды халыққа кең танытқан жоба. Алғашқы жеңімпаздар 2017 жылы анықталған болатын. Бастапқыда үміткерлердің саны 2 мыңнан асып, бәсекелестік күшті болды. Нәтижесінде 102 бірдей азамат үздік деп танылды. Олардың қатары, міне, тағы толығып отыр.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары – тәуелсіз елдің жас буыны. Ата-баба салып кеткен сара жолды жалғаушыларға енді зор сенім артылып отыр. Олардың әрқайсысын елбасы үлгі етті.  

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

-  Бұл – менің «Рухани жаңғыру» мақаламның арқасында келіп отырған жоба. Екінші рет зор қуанышпен қатысып отырмын. Жалпы, жастармен тілдескенді жақсы көремін. «Жастар жылы» деп жариялап, жастармен кездескенімді білесіздер. Қанша жалындаған жастардың сөзін, ойын естідік. Қазіргі уақытта басқа жұрт желетін болса, біз шабуымыз керек.

«100 жаңа есім» жобасына аты еніп, жұрт таңдаған жаңа есімнің бірі– Асан Жолдасов. Математика мектебінің негізін қалаған жас 1500 баланы білім нәрімен сусындатты. Осылайша, есепті еркін еңсеретіндердің жаңа буынын тәрбиеледі.

АСАН ЖОЛДАСОВ, ЖОБА ЖЕҢІМПАЗЫ:

-  Бала кезімде мұғалім анама көмектесіп, онымен бірге үй жұмыстарын тексеретінмін. Уақыт өте келе, өзім де бала оқытатын деңгейге жеттім. 17 жасымда осы істі қолға алдым. Қазір 136 мұғалім жұмыс істейтін мектептің негізін қалаушымын. Оқушыларымыз халықаралық жарыстарда топ жарып жүр.

Екінші кезеңге жеңімпаздарды іріктеу өткен жылы күз айларында жүргізілді. Нәтижесінде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан 29 жеңімпаз анықталды. Арасында дәрігер, спортшы, өнер майталманы әрі ақын да бар.

Сурет akorda.kz сайтынан алынды.