Түркістан болашақ мегаполиске айналады

Түркістан болашақ мегаполиске айналады

Жыл сайын Түркістанға миллионнан астам турис пен ғибадат етушілер келеді. Олар ең алдымен Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне ат басын бұрады. Қазір мұнда ауқымды құрылыстар жүргізіліп, болашақ мегаполистің іргетасы қаланып жатыр. Ал сәулетшілердің айтуынша, келер жылдан бастап рухани шаһар шығыстық үлгіде дами бастайды. Қазір мамандандырылған компания ауқымды құрылыс жобаларының тұжырымдамасын әзірлеуде. Жаңа жобаға сәйкес, мегаполис 3 бағыт бойынша дамитын болады. Атап айтар болсақ, оның алғашқысы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан «тарихи» аймақ. Екіншісі – «мәдени-рухани орталық» аймағы. Соңғысы –«әкімшілік-іскерлік орталық» алаңы.

СЕРІК АҚТАҢОВ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Шығыс Қазақстан облысы атынан әуенді субұрқақ тарту етеміз. Қазір құжаттарын дайындап жатырмыз. Биыл жыл соңына дейін толық аяқтап, пайдалануға береміз.

Еліміздің өзге де өңірлері Түркістанның дамуына үлес қосады деп күтілуде. Елорда  «Астана» алаңын, Алматы облысы Жастар сарайын, Қостанай облысы – Қазақстан Халқы Ассамблеясының ғимаратын салып бермек. Одан өзге Конгресс холл, 700 көрерменге арналған стадион, медиаорталық, театр, кітапхана, мұражай, мектеп, балабақша, емхана, саябақ сынды өзге де көптеген әлеуметтік нысандар мен түрлі құрылымдық органдардың ғимараттары орналасады. Бүгінгі таңда «әкімшілік-іскерлік орталық» алаңында әртүрлі департаменттер мен бөлімдер орналасатын ғимараттардың іргетасы қалануда. Облыс орталығы ретіндегі рухани шаһардың жаңа мәртебесі халық санының өсуіне де әсер етеді. Сондықтан қалада алдағы айда көпқабатты үйлердің құрылысын бастау жоспарланып отыр.

ЕРКІН ЖҮСІП, «АСТАНА БАС ЖОРПАРЫ» ЖОБАЛАУ ИНСТИТУТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қаланы үлкейте, кеңейте берудің қажеті жоқ. Сондықтан біз көпқабатты үйлерді қолданып отырмыз. 3-4-5 қабаттан бастап, 9-12-16 қабатқа дейін көпқабатты үйлер болады.

Сондай-ақ қалада биыл заман талабына сай әуежай мен темір жол вокзалының құрылысы басталады. Cәулетшілер алдағы 5-6 жылда Түркістан туризмі түлеген, зәулім ғимараттары көзді арбайтын әсем шаһарға айналатынын айтады. Ал 10 жылдан кейін үлкен қалалардың қатарына қосылады деген пікірде.