Қазақстанның жасыл энергетикасына бағытталатын инвестиция 2,5 есеге өсті

Қазақстанның жасыл энергетикасына бағытталатын инвестиция 2,5 есеге өсті

Елдің жасыл энергетикасына бағытталатын инвестиция 2,5 есеге өсті. Былтыр саланың дамуына 80 млрд 200 млн теңге бағытталған. Қаражат негізінен Ақмола облысына бөлінеді. Бұл өңірге шамамен 25 млрд 700 млн теңге инвестицияланған. Жамбыл облысындағы көрсеткіш болса, 94 есеге артып, 12 млрд 700 млн теңгеге жетті. Аймақта жаңартылатын энергия көздерінің 10 нысаны бар. Олардың жалпы қуаттылығы 170 мегаватт. 9 млрд теңгемен 3-ші орынға Атырау өңірі шығып отыр. Жобаларды 9 елдің 100-ге тарта компаниясы инвестициялайды.

САЛТАНАТ РАҚЫМБЕКОВА, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ЭКОЛОГИЯ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

-  Инвесторлар – негізінен, Франция, Нидерланд, Италия, Қытай елдерінің компаниялары. Қазақстандық инвесторлар да бар. Энергетика министрлігінің ақпараты бойынша, бұл салаға жетекші мұнай-газ компаниялары да қызығушылық танытып отыр. Инвестициялардың жалпы сомасы биыл  600 млн доллар немесе 230 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде. Яғни 2019 жылы жаңартылатын энергия көздерінің 16 нысанын іске қосу жоспарланып отыр. Олардың жалпы қуаттылығы 630 мегаватт болады.

Қазіргі таңда Ақмола облысында «Астана ЕХРО-2017» жел электр стансасының құрылысы қолға алынған. Оның қуаттылығы – 50 Мвт болады.

Ал Маңғыстауда жел кешені сыналуда. Құрылыстың бірінші кезегі өткен жылы аяқталған. Энергияның баламалы көздері Форт-Шевченко қаласының маңында орнатылған. Мұнда 24 жел генераторы жұмыс істейді. Жобаның құны – 8 млрд теңге. Ол тәулігіне 44 мегаватт электр энергиясын өндіретін болады. Жалпы Түпқараған ауданында 2 жел электр стансасы салынуда.

БЕРДІБЕК ҚАРТБАЕВ, ЭНЕРГЕТИКА БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Оның екеуі де инвестордың жеке қаражаты есебінен іске асырылуда. 1-ші жоба – 43,6 МВт-тық ЖЭС. Бұлар монтаждық жұмыстарын толық аяқтайды. 1 қыркүйектен бастап тағы 42 мвт ЖЭС салынуда. Екі жоба іске асқан жағдайда бүкіл Форт-Шевченко қаласын түгелдей электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өткен жылы елде жаңартылатын энергия көздерінің 5 нысаны іске қосылды. Олар Жамбыл, Маңғыстау, Алматы және Қарағанды өңірлерінде орналасқан. Барлығы Қазақстанда 65 кешен жұмыс істейді. Оның ішінде 12 – жел, 19 – күн , 33 – су электр стансасы мен 1 биогаз құрылғысы бар.