«Бабалар ізімен» экспедициясы Палестинада

«Бабалар ізімен» экспедициясы Палестинада

Қазақстандық зерттеушілер Таяу Шығыс елдеріне саяхатын жалғастыруда. Израильде болған жерлестеріміз ат басын Палестинаға бұрды. «Бабалар ізімен» экспедициясы қасиетті жерлерді аралап жүр. Иудей шөлінің ортасындағы ақ күмбезді бірнеше шақырымнан көруге болады. Мұнда Мұса пайғамбар жерленген. XIII ғасырда Сұлтан Бейбарыс осы аймаққа келіп, қабір маңына үлкен кешен салуды тапсырған деседі.

САПАР ЫСҚАҚОВ, ЭКСПЕДИЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ:

- Мұса пайғамбардың жатқан жері Иерихон қаласынан 5-6 шақырым жерде орналасқан. Ал Иерусалимнен 15 шақырым жерде. XIII ғасырдың басында Сұлтан Бейбарыс Мұса пайғамбардың басына келіп, жатқан жерін көріп, осы араға үлкен құрылыс жасау керек екенін басына белгі қойып, қорған салып, құрылыс жүргізуге бұйрық береді.

Бұл ғимараттың қабырғалары Иерусалимнің бүкіл тарихын суреттейді. Дәуіт пайғамбардың қорғаны біздің дәуірге дейін II ғасырда салынған. Бекініс бірнеше рет қирап, қайта тұрғызылды. Қыпшақ-мәмлүктер осында мұнара салған, дейді тарихшылар. Қазір, өкінішке қарай, ол ішінара ғана сақталыпты.

САПАР ЫСҚАҚОВ, ЭКСПЕДИЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ:

-  Қазір біздің тұрған жеріміз – Дәуіт пайғамбардың қорғаны, соның мұнарасы. Үлкен мұражай қылып туристерге дайындаған. Сақталып қалған.

Бұл бөлме бүкіл әлемге танымал. Аңыз бойынша, дәл осы жерде «Жасырын кешкілік» өткен көрінеді. Тарихшылар қыпшақ-мәмлүктер ғимаратты қайта жөндеуден өткізгенін жоққа шығармайды. Қазақстандық экспедиция Израиль мен Палестинаның барлық қасиетті жерлерін аралап өтті. Дегенмен саяхат әлі де жалғасады.