«Бабалар ізімен» экспедициясы Иерусалимде «арғын» тайпасы салған көне ғимаратты анықтады

«Бабалар ізімен» экспедициясы Иерусалимде «арғын» тайпасы салған көне ғимаратты анықтады

«Бабалар ізімен» экспедициясы Израильде маңызды тарихи жаңалыққа тап болды. Ғалымдар Иерусалимнің көне ауданынан «арғын» тайпасы салған көне ғимаратты анықтады. Шамамен XIII ғасырдың орта тұсында тұрғызылған тарихи нысан бүгінгі күнге дейін қаз-қалпында сақталған.

РАФИ КАСИМОВ, ТАРИХШЫ:

 - Араб дереккөздеріне сәйкес, ғимаратты салдырған адамның аты Аргун әл-Камили. Яғни ол қазақтың «арғын» руының атауынан шыққан. Ол кісінің тағдыры беймәлім. Тек ол сұлтанның тігіншісі болғанын білеміз. Сондықтан оның таңбасы ром түрінде жасалған.

Мәмлүктер тұрғызған ғимараттар көне қала Иерусалимнің әр көшесінде орналасқан. Олардың қасбеті түрлі-түсті тастармен көмкерілген. Сәулет өнерінің мұндай стилі «облак» деп аталады. Кіреберісте құрылысшының аты-жөні жазылған. Мәмлүк-қыпшақтар билеген тұста қала құрылысы үлкен қарқынмен жүргізілген. Мешіттер мен мектептер, кесенелер жаппай бой көтерді. Және олар осы күні де жұмыс істеп тұр.

САПАР ЫСҚАҚОВ, «БАБАЛАР ІЗІМЕН» ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Қазір біз тұрған жер – Турган Хатунның жатқан мавзолейі. Ол Хрезмшахтың анасы. 1219 жылы Шыңғысхан келген уақытында олар Иранға қарай кетеді. Бірақ ол Самарқан қаласында тұтқынға түседі. Шамасы оны Шыңғысхан тұтқыннан жіберуі мүмкін.

Ал бұл – әлемге әйгілі «Жоқтау Қабырғасы». Жыл сайын осы жерге миллиондаған турист келеді. Иерусалимнің қасиетті ескертішін осы күнге дейін сақтап қалуға Дешті-Қыпшақтан шыққан мәмлүктер зор үлес қосқан екен.

САПАР ЫСҚАҚОВ, «БАБАЛАР ІЗІМЕН» ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

-  Астыңғы 4 қатары Ирод патшаның уақытында салынған. Оған 2 мың жыл болды. Үстіндегі 7 қатары арабтардың, омеядтардың заманында, VII, VIII, IX ғасырларда салынған. Ал оның үстіндегі 17 қатар біздің бабаларымыздың уақыты, яғни мәмлүктердің кезінде салынған. Бұл аз болса да бізге қатысы бар жер. Өйткені бұл зарлы жарға біздің бабаларымыздың қол ұшы тиген.

Израиль мәмлүктер кезеңінен қаншама құпияны бүгіп жатыр. Қазақстандық экспедиция мүшелері тереңірек зерттеу жүргізсе, әлі талай жаңалықтар ашылатынына сенімді.