«Бабалар ізімен» экспедициясы Иерусалимдегі Хеврон қаласында болды

«Бабалар ізімен» экспедициясы Иерусалимдегі Хеврон қаласында болды

Иерусалимде зерттеу жүргізіп жатқан «Бабалар ізімен» экспедициясын Хеврон қаласында болды. Шаһар Иерусалимнен 30 шақырым жерде орналасқан. Бұл жер патриархтар жерленгендіктен киелі саналады. Ибраһим, Исхак, Жақып пен олардың әйелдері де осында қойылған. 2 мың жыл бұрын салынған ғимарат бірнеше мәрте қолдан-қолға өтіп, әркімнің иелігінде болады. XIII ғасырда мұнда Сұлтан Бейбарыс келеді. Оның бекіткен ережелері 700 жылға дейін сақталған.

РАФИ КАСИМОВ, ТАРИХШЫ:

 - 1263 жылы Бейбарыс әскерімен осында соғады. Бұл жерді көргеннен кейін мұнда мұсылман емес христиандар да, еврейлер де ешқайсысы аяқ баспасын деп бұйрық берген деседі.

Бейбарыстың крест жорықшыларымен шайқасы сәтті өтіп, Таяу Шығысты босатады. Ғалымдардың айтуынша, мұндай жетістікке ол нақты шешім қабылдай алуының арқасында қол жеткізген. Сондай-ақ сол кездегі жақсы дамыған пошта жүйесі де оң әсерін тигізеді.  

КАТЯ СИТРИН-СИЛЬВЕРМАН, ТАРИХШЫ:

 - Дер кезінде хабар алмасу жүйесін мәмлүктер өте жоғары деңгейге көтерген. Бірнеше шақырым сайын пошта ғимаратын салған. Хат жіберуге көгершіндерді де пайдаланған. От жағып та белгі берген. Сонымен қатар мәмлүктер сұлтанына Каирде қар мен мұз қажет болады. Оны Ливан тауларынан жеткізіп, сусындарды салқындату үшін қолданған.    

Мәмлүктердің Иерусалимдегі ғибадатхананың сақталуына және оның қайта қалпына келтіруге қосқан үлесі зор. Мұнда мұсылмандар үшін аса қасиетті бірнеше орын бар. Әсіресе Әл-Ақса мешітінің маңызы ерекше. Ол Мекке мен Мединадан кейінгі ғибадат ететін қасетті орын саналады.

САПАР ЫСҚАҚОВ, ЭКСПЕДИЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бұл Әл-Ақса мешітін VII-VIII ғасырларда бірінші арабтар, одан кейін XI ғасырда фатимидтер салды. Содан кейін талай жылдар, талай оқиғалар өтті.

Алтын күмбезді мешітті Иерусалимнің кез келген жерінен көруге болады.  Бұл сәулет өнерінің үздік туындысы адамзатты күні бүгінге дейін таңғалдырып келеді. Мәмлүктер тұсында киелі орын барынша күтіп ұсталған. Оған қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.

МИЗИРУ ЯХЬЯ, ТАРИХШЫ:

 - Жоғары жағы 1 миллиардқа жуық ұсақ ою-өрнекпен безендірілген. Бұл Сұлтан Бейбарыстың тұсында жасалған. Ол Әл-Ақса мешітіне жөндеу жүргізіп, осы маңда 35 медресе салғызған.

Мәмлүктер Храм тауының жан-жағына түгелдей құрылыс жүргізеді. Оған дәлел ондағы сәулеті ерекше көрікті ғимараттар әлі күнге дейін сақталған. «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Иерусалимдегі  әр нысанды назарға алып, зерттеу жүргізбек.