«Бабалар ізі» экспедициясы Израильге барды

«Бабалар ізі» экспедициясы Израильге барды

Таяу Шығыс елдерінің тарихындағы мәмлүктердің ізін анықтау мақсатында қазақстандық зерттеушілер Израильге арнайы барды. «Бабалар ізімен» экспедициясы жергілікті ғалымдармен кездесіп, ондағы тарихи орындарды аралады. Бұл – Айн-Джалут мекені. XIII ғасырдың ортасында дәл осы жерде моңғолдар мен мәмлүктердің әскерлері кездескен. Олар моңғолдарға тойтарыс беруге бел буған жалғыз топ өкілдері болды.

САПАР ЫСҚАҚОВ, ЭКСПЕДИЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Мәмлүктердің де әскерінің 90-95 пайызы Ұлы даладан, Дешті Қыпшақтан шыққан біздің бабаларымыз болса, моңғолдардың да әскерінде 70-80 пайызы – Ұлы даладан шыққан біздің бабаларымыз. Бір жағында да қазақтың бабалары, екінші жағында да қазақтардың бабалары.   

Бұл шайқас Таяу Шығыс тарихында айтарлықтай өзгерістерге әкелді. Батыл мәмлүктер моңғол армиясының жеңілмейтіндігі туралы мифті жоққа шығарды. Жауды ойсырата жеңген Бейбарыс крест жорығына шыққандар иелік еткен Арсуф қаласына бет алады. Бекіністі қоршау 40 күнге созылады.

РАФИ КАСИМОВ, ТАРИХШЫ:

 - Ол бекіністің екінші жағынан қаза бастайды. Сол кезде крест жорығына қатысушылар келіссөз жүргізуге шешім қабылдайды. Бірақ Бейбарыс бекіністі басып алды.

Мәмлүктер елді мекендер мен бекіністерді өз бақылауына алды. Сондай-ақ шіркеулерді мұсылман мешіттеріне ауыстыру жұмыстарын да жүргізді. Бұл ғимараттардың ішкі архитектурасы бойынша байқалады. Мәмлүктер қалалық инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударған. Олардың қолдарымен салынған көпір әлі күнге дейін Лот қаласында бар.

САПАР ЫСҚАҚОВ, ЭКСПЕДИЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Ол уақытта қарым-қатынасты жылдам жүргізу үшін пошталық байланысты жылдам жүргізу керек болды. Ол үшін Каирден Дамаскіге үш күнде хат келіп тұрған. Ол үшін ат ауыстырады, посттар бар, сол үшін көпірлер керек. Өйткені өзенді атпен жылдам жүре алмайсыз, суға батасыз. Сол үшін көпірдің арқасында жылдам байланыс болып тұрды.

Қазір Израиль аумағында мәмлүктер заманындағы көптеген тарихи ескерткіштер сақталған. Олар Дешті-Қыпшақ аймағынан шығушылар Таяу Шығысты дамытуда маңызды рөл атқарғандығын дәлелдейді.