Астанада ҚХА-ның self-made көшбасшылар форумы өтті

Астанада ҚХА-ның self-made көшбасшылар форумы өтті

Жас келсе – іске. Қазақстанда жастар жылында бірқатар жаңа жобалар жүзеге асырылады. Қазақстан Халқы Ассамблеясының self-made көшбасшылар форумында елорда мектептерінің бірінде шағын технопарк жобасы ісе асырылатыны жөнінде белгілі болды. Тырнақалды бастаманың көздегені – жастарды кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен қатар, өсімдік, тігін және жиһаз жасаудың қыр-сырына үйрететін тәжірибелік курстар ұйымдастыру. Бұл тәжірибені болашақта ел деңгейінде ендіру жоспарланып отыр, дейді Ассамблея жанындағы кәсіпкерлер қауымдастығы. Сондай-ақ кездесуде жеке істі бастаймын деген жастарға мемлекеттің қолдау тетіктері айтылып, бизнес ашу мен оның іргесін кеңейту тұрғысында ақыл-кеңес берілді.   

ДУМАН КЫДЫРБАЕВ, ҚХА КӘСІПКЕРЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Президент нақты тапсырмалар жүктеді. Биылғы жыл бизнестік ортаны дамыту үшін аса қолайлы уақыт болмақ. Жеке істі ашуға үгіттеп- шақырумен қатар, мемлекет тарапынан кешенді қаржылық қолдау көрсетілетін болады. Біз жастардың тың бастамаларын жүзеге асыруға септесіп, өз үлесімізді қосуға дайынбыз. 

Сондай-ақ форум аясында отандық тауар өндірушілер, қолөнер шеберлері мен жастардың стартап жобаларының көрмесі ұйымдастырылды. Олардың қатарында атыраулық жас фермер Тамила Разметованың өнімдері қойылған. Белсенді кәсіпкер жастар жылының ашылуында ел басына Астанада алма бағын егуді ұсынды. 

ТАМИЛА РАЗМЕТОВА, ФЕРМЕР: 

 - Бұл алманың тұқымы жергілікті табиғатқа бейімделген. Суыққа төзімді болып келеді. Өйткені өзіміздің питомниктерде арнайы өсіріліп шығарылды. Қанатқақты бастамамыздың тәжірибесі сәтті өтіп жатыр. Екі жылда Астана бағынан алғашқы өнім жинаймыз деп отырмыз.