Маңғыстау облысында «Ақтау-Бейнеу» автожолы пайдалануға берілді

Маңғыстау облысында «Ақтау-Бейнеу» автожолы пайдалануға берілді

Маңғыстау облысында «Ақтау-Бейнеу» автожолы толық жаңартылып, пайдалануға берілді. Республикалық маңыздағы нысан батыс өңірді еліміздің өзге облыстарымен жалғап, одан ары Ресей мен Өзбекстанға шығатын жолдарға апарады. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынған нысан жүк тасымалының артуына мүмкіндік беріп отыр. Ел аймақтарымен қатар, көрші мемлекеттермен де алыс-беріс пен барыс-келіс артуда. Жолмен Ақтау, Құрық порттарына жүк тасымалдана бастады. Сарапшылардың айтуынша, келер жылдан бастап аталған көлік дәлізі арқылы тәулігіне 30 мың тоннаға дейін жүк тасымалданбақ. Бұл Маңғыстау ғана емес, тұтас ел экономикасының дамуына ықпал етеді.

ҚАЖЫМҰРАТ СҮЙЕБАЕВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» АҚ» ҰК БӨЛІМШЕ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Сырт жерлерден жүк тасымалдау шығындары қысқаратын болды. Бұрын көліктер 2-3 тәулік жүріп келсе, енді бір күнде жетеді. Көрші Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарына Каспий теңізіне жол ашылды.

Ал Павлодар облысында Ертіс өзені арқылы салынған көпір өткелі аймақтың транзиттік мүмкіндіктерін кеңейте түсті. Ендігі жерде облыс аумағымен жүк тасымалдайтын көліктер Павлодарды айналып өтіп, жолдары 40 шақырымға қысқарды. Отын шығындары да азайды. Маңызды инфрақұрылымдық жоба Орталық-Шығыс көлік дәлізін құру шеңберінде салынды. Көлік өткелі Орталық Азияда теңдесі жоқ, ең ірі әрі ең ұзын саналады. Онымен тәулігіне 8 мың автокөлік жүріп өтіп, 240 мың тоннаға дейін транзиттік жүк тасымалданады.    

АҚЫЛБЕК ҚАБЫЛДИН, «ҚАЗАВТОЖОЛ ҰК» АҚ ОФ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазіргі кезде тәулігіне 5-тен 8 мыңға дейін автокөлік жүріп өтеді. Жүк тасымалына келетін болсақ, 210-240 мың тонна жүк тасымалданады. Соңғы үлгідегі бейнебақылау жүйесі орнатылған. Ол көпірдің жағдайына мониторинг жасайды.

Ірі өткел 2 жыл ішінде Ресей мен Қытайға шығатын көлік дəлізіне айналды. Осылайша, ғасыр жобасы елдің көлік қатынасы дамуының жаңа кезеңінің бастамасы болды. Атап өтерлігі, Павлодар-Астана автожолының құрылысы да аяқталуға жақын. Одан ары жол еліміздің шығыс қақпасына дейін жалғасады.