Алматы еліміздегі заманауи туризм орталығына айналады

Алматы еліміздегі заманауи туризм орталығына айналады

Алматы еліміздегі заманауи туризм орталығына айналуы әбден мүмкін. Қазақстанға келген әрбір бесінші мейман шаһарға ат басын бұрмай кетпейді. Бұл шетелдіктердің Алматыға деген қызығушылығының жыл сайын артып келетінін аңғартады. Қаланың туристік әлеуетін арттыру үшін жергілікті билік, туристік операторлар мен қоғамдық ұйымдар ауқымды жұмысты қолға алып отыр. Өткен жылдың соңында мұнда туристік хаб ашылды.

АСЛАН ҚОҢЫРХАНОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТУРИЗМ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫСТАР БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

-  Қаланың әрбір тұрғыны туристік хабқа келіп, өзінің идеялары және жобаларымен бөлісе алады. Біз оларды мұқият қарастырып, жүзеге асыратын боламыз. Бұл экологиялық туризм, яғни біздің табиғатымыз. Алматы өңірінде бес ұлттық парк бар. Шөлдегі Алтынемелден бастап Хан Тәңірі жетімыңдығына дейін көре аласыз. Демек Алматыға келген турист үшсағаттық жерде шөлді де, Көлсай көлін де бірден тамашалайтын болады. Бұл – туристерді еліктірер саяхат.

Алматының туристік тартымдылығын арттырумен арнайы құрылған топ айналыспақ. Оның мүшелері туристік брендинг әзірлейтін болады.

ДАНИЯР МҰҚИТАНОВ, «БІЗ-АЛМАТЫМЫЗ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Метроның кейбір стансаларында қалалықтардың сүйікті орындары көрсетілген ақпарат жайғастыратын боламыз. Яғни барша алматылықтар жиі баратын жерлер белгіленеді. Біз өзінің ерекше тарихы мен жеке хикаясы бар жерлерді топтастыратын боламыз. Бұл ақпарат қала меймандарына барынша пайдалы болады деген ойдамыз.