Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы

Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы

Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы осы күні де өзекті. Иісі мұсылман әлеміне әйгілі кемеңгер-ойшыл сонысымен тұтас түркі жұртына қадірлі. Бірақ Түркі халықтары үшін Қожа Ахмет Ясауидің орны бөлек, мәртебесі биік. Ясауитанушы ғалымдардың айтуынша, оның бір себебі – Әзірет сұлтан Ислам ілімі мен құран сөзін Орта Азияға ең алғаш түркі тілінде уағыздаған. Ол заманда араб тілін көп адам білмеген соң, оның өз тіліндегі айтулары халыққа түсінікті болған.

МАРАТ ТҰЯҚБАЕВ, АРХЕОЛОГ-ТАРИХШЫ:

 - Бұрын Түркістан бір қалауат болса, Отырар бір қалауат, Сайрам бір қалауат болып кете береді. 50 қалауатта бұл кісінің шәкірттері жұмыс істеген. Ең маңыздысы – хикметтері арқылы түркі тілін сақтап қалуға үлес қосты. Артынан ерген шәкірттері – ең көп софылар және ең көп жерге жайылған.

Ғұлама ғалым шәкірттерінің бойына шариғат заңдарын түркі тілінде сіңірген. Мыңдаған шәкірті Азия, Еуропа, Үндістанға дейін барып, Ясауи ілімін таратқан. Атақты «Диуани хикмет» кітабын да түркі тілінде жазған.

НҰРБОЛАТ АХМЕТЖАНОВ, «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕМЛЕКЕТТІК ТАРИХИ-МӘДЕНИ ҚОРЫҚ-МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - «Диуани хикметтегі» даналық сөздерінде не жазылған? Ол – тура жол, тура жолға түсу. Тазалық, жалпы өмір сүрудің қағидалары. Мынау осы дүниеде іс-әрекеттеріңе басқа дүниеге барғанда жауап сұралады. Осы жөніндегі даналық сөздері дер едім.

Мамандардың айтуынша, Ясауидің бізге жеткен хикметтерінің саны 100-ден асады. Бірақ ғалымдар зерттеп-зерделеген тек өзіне тиесілі 70 хикметі бар. Басқалары зерттелуде. Оларды шәкірттері жазуы да мүмкін деген болжам бар. Ал  бүгінде Ясауи хикметтері орыс, қазақ, түрік тілдеріне аударылған. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған міндеттерге сай, латын қарпімен де биыл басып шығарылды. Былтыр Астанада Ясауи хикметтері тұңғыш рет музыка арқылы орындалды. Биыл осы жобаны бүкіл түркі халықтарына көрсету жоспарланып отыр.