Қазақстанда елбасының қатысуымен Жастар жылының ашылу салтанаты өтті

Қазақстанда елбасының қатысуымен Жастар жылының ашылу салтанаты өтті

Қазақстанда Жастар жылының ашылу салтанаты өтті. Шараға бүгін мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Форумда еліміздің барлық аймақтарынан 500-ге жуық қатысушы басын қосты. Олардың қатарында «100 жаңа есімге» енген жерлестеріміз, «Болашақ» стипендиясының түлектері, жас ғалымдар, кәсіпкерлер, әскери қызметкерлер, жетім балалар, спортшылар мен дарынды балалар байқауларының қатысушылары бар. Сонымен қатар мерекелік шараға әнші Димаш Құдайберген, актриса Құралай Анарбекова, шахматшы Жансая Әбдімәлік және басқалар да қатысты. Спикер ретінде түрлі салаларда табысқа қол жеткізген жарқын жастар сөз сөйледі. Атап айтар болсақ, кәсіпкер Расул Абдуллаев, стартапшы Иван Креппак, ерікті Айсұлу Ерниязова, ауыл шаруашылығы саласының өкілі Тамила Розметова бар. Іс-шара барысында елбасы жастар жылына бастау берді.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Қазір менің алдымда отырған Қазақстанның өскелең ұрпағы – Қазақстанның ең үлкен жетістігі, бұл – мемлекет басшысы ретінде менің жұмысымның ең үлкен нәтижесі. Бүгін сіздермен кездескеніме өте қуаныштымын және Сіздерді Жастар жылының басталуымен құттықтаймын! Бүгінде бәсекелестік тек мемлекеттер арасында ғана емес, адам мен адам арасында да жүріп жатыр. Нәтижесінде ғылым мен білімді  жетілдіретін шығармашылық ұрпағы бар ел ғана жеңіске жете алады. Бүгін мен осындай жастардың барына көзім жетіп отыр. Қазақстанның болашағы сіздерге, сіздердің біліміне, еліне деген ұлтжандылығына байланысты. Мен мұны барлық қазақстандық жастарға айтып отырмын.