Жастар жылы Павлодар облысында 500-ге жуық шара өткізіледі

Жастар жылы Павлодар облысында 500-ге жуық шара өткізіледі

Гастрольдік сапарлар, концерттер мен байқаулар. Жастар жылы жүктелген міндеттерді орындауға Ертіс өңірінің ұл-қыздары білек сыбана кірісіп кетті. Белсенді ұрпақ 2019 жылы түрлі бағыттағы 500-ге жуық шара өткізбек. Жастар бастамаларын дамыту орталығына келетін азаматтардың қарасы қалың. Бұл жерде жүздеген үкіметтік емес ұйым топтасқан. Мұнда құқықтық қолдау көрсетілумен қатар, тың жобаларды іске асыруға көмек көрсетіледі. 

ТӨЛЕГЕН АЙТБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР БАСТАМАЛАРЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Павлодар облысының жастары республикада, жалпы өңірімізде ең белсенді жастар деп айтуға болады. Ол бүкіл облыстың 32%-ін құрайды. Сондықтан 2019 жыл түрлі үлкен шараларға толы болады.

2019 жылы аймақта «Ұлы далаға саяхат» жастар экспедициясы жасалып, «Рухани Кэмп» жазғы жастар лагері құрылатын болады. Сондай-ақ биыл «Volonter.кз», «Izdeu-2019» форумдары ұйымдастырылып, түрлі спорттық, туристік, шығармашылық жобалар жүзеге асырылады.

Жастар жылы өнер-білім қуған дарындарда да қолдаудан қағылмайды. 2018 жылы павлодарлық өнерпаздар Мәскеуде өткен халықаралық байқаудың бас жүлдесімен оралды. 2,5 мың дарынды жас қатысқан сайыста әншілер 60-тан астам мемлекеттің ішінде үздік атанды.

МӨЛДІР ОРАЗБАЙ, ВОКАЛДЫҚ АНСАМБЛЬ МҮШЕСІ:

-  Біз әнді жақсы орындадық. Сосын тағы да барамыз. Оған көп дайындық керек.

ЕЛЕНА ВАЛЬКО, МУЗЫКАЛЫҚ ЖЕТЕКШІ:

 - Біз әрдайым шығармашылық шеберлігімізді шыңдап тек алға ұмтылуға тырысып бағамыз. Өзіміздің өнерді таныту үшін дайындықты үзбей, жастарға қанат бітіретін байқауларға ұдайы қатысып тұрамыз.  

Еске сала кетсек, өткен ғасырдың 90-шы жылдары павлодарлықтар еліміздегі жастар саясаты жөніндегі заң жобасын әзірлеу бастамасын көтерген. Сондықтан биылғы жастар жылына артылар үміт зор деуге негіз бар.