Шетелдіктердің таңдауы қазақстандық клиникаларға жиі түсетін болды

Шетелдіктердің таңдауы қазақстандық клиникаларға жиі түсетін болды

Қазақстанда медициналық туризм саласы қарқынды дамып келеді. Өткен жылы ғана 2 мыңнан астам шетелдік науқас біздің ауруханаларда емделіп, денсаулықтарын жақсартып қайтты. Жылына шамамен 45-ке тарта елдің өкілдері дертіне шипа іздеп келеді. Көп бөлігін ТМД елдерінің азаматтары құраған. Негізінен – Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан мен Өзбекстан тұрғындары. Сондай-ақ өз денсаулықтарын қазақстандық мамандарға АҚШ, Германия мен нигериялықтар да сеніп тапсырыпты. Қазақстанды таңдаудағы басты себеп – халықаралық сертификация, жоғары сапалы кәсіби медициналық көмек пен заманауи технологиялардың шоғырлануы, дейді олар.

ТАЛҒАТ ПАЗЫЛБЕКОВ, ҰЛТТЫҚ НЕЙРОХИРУРГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ  МЕДИЦИНАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

-  Көп жағдайда ауруы асқынып кеткен науқастар өте күрделі оталар жасау үшін келеді.  Негізінен – бас миының ісігі, қан тамырлар жүйесі мен омыртқа жотасына жасалатын оталар. Өйткені олардың тұрғылықты мекенінде арнайы техника мен маман тапшылығына орай оларға кешенді түрде заманауи медициналық көмек көрсетілмейді.  Өзге елде емделуді қалаулары біздегі қызмет сапасы мен бағаға да байланысты болып жатады.

Негізінен медициналық туристердің таңдауы еліміздегі кардиохирургия, нейрохирургия, трансплантология мен репродуктивті медициналық қызметтерге түседі. Бұл орайда Қазақстанда JCI сапа талаптарына сай 6 мекеме аккредитацияланғанын атап өту керек. Сарапшылардың айтуынша, еліміздің жалпы аймақтың медициналық туризм орталығына айналу әлеуеті зор. Ол үшін елдің медициналық қызмет мүмкіндіктерін барынша насихаттау керек. Осы орайда туроператорлардың көмегі тимек.

ЖАЗИРА ЖАНКИНА, ТУРОПЕРАТОР:

-  Бізде мақтануға тұрарлық көрсеткіштері аса жоғары клиникалар баршылық. Олардың дені халықаралық стандарттарға сай жұмыс жасап келеді. Көбі JCI аккредитациясын алып ірі холдингтердің құрамына еніп отыр. Мәселен, нейрохирургия орталығын алып қарасақ. Онда жүрек импланттары жасалады. Бұл – ТМД елдерінде баламасы жоқ, Қазақстанның Астанасында орналасқан бірегей медиициналық мекеме.

Шетел науқастарын елімізге тарту үшін отандық емдеу мекемелерінің жабдықталуы, ұсынылатын медициналық қызметтері жайында толыққанды ақпарат беретін  бірыңғай онлайн-портал құрылды.  Сондай-ақ медициналық туризм бойынша арнайы кол-орталық жұмыс істейді.