Алматыда XV Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтті

Алматыда XV Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтті

Күрделі есептерді шешіп қана қоймай, бір топ құрамында өзара тіл табысып, креативті әдістер таба білу. Алматыда әлемнің 18 елінің білімді жастары нақты ғылымдағы үздіктер атағы үшін таласты. Мұнда математика, физика және информатика пәндерінен XV Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жыл сайын қатысушыларға берілетін тапсырмалар күрделендіріліп келеді. Оларды шешу үшін әдеттен тыс ойлау мен айрықша амал табу қажет. Қатысушылар пайдалы тәжірибе жинап қана қоймай, сонымен қатар еліміздің беделді жоғары оқу орындарында білім алуға құқық беретін грантқа ие болады.     

АЛМАС КҮНҒОЖИН, РФММ ДИРЕКТОРЫ:

 - Халықаралық Жәутіков олимпиадасы көптеген елдерде жоғары бағаланады. Мысалы, Ресейде ортақ емтиханға қосымша балл қосады. Өзбекстан мен Тәжікстанда, бұған қоса, АҚШ-та да назарға алады. Мәселен, 2018 жылы күміс және алтын жүлдегер атанған Мыңбаева Аружан қазір Массачусетстегі Технологиялар институтында білім алып жатыр.

Зияткерлік олимпиаданың мақсаты – оқушылар арасында физика-математика ғылымдарын насихаттау, түрлі мемлекеттер мектептерінің арасында қарым-қатынастар орнату және халықаралық қауымдастыққа Қазақстандағы білім деңгейін таныстыру.