Қазақстандық студент арнайы емдік құралдары бар спорттық орталықтар ашпақ

Қазақстандық студент арнайы емдік құралдары бар спорттық орталықтар ашпақ

2019 – жастардың бастамалары жүзеге асатын жыл. Бұған қазақстандық студент Динара Наумованың тырнақалды бастамасы дәлел болмақ. Оның жетекшілігімен шалғайда орналасқан елді-мекендерде дене шынықтыру және сауықтыру кешендері құрылады. Нысандар ауылдағы мүмкіндіктері шектеулі жандардың салауатты өмір салтын ұстануына сай бейімделмек. Белсенді жас қанатқақты жобасын алдағы наурыз айында Ақмола облысы Қабанбай батыр ауылынан бастауды жоспарлап отыр.

ДИНАРА НАУМОВА, СТУДЕНТ:

 - Мемлекет шалғайдағы ауылдар мен әлеуметтік осал топ өкілдеріне барынша жағдай жасауға басымдық береді. Жастардың ойы да  бір жерден шығып отыр. Біз арнайы емдік құралдары бар спорттық орталық ашуды ұйғардық. Мемлекеттің қолдауымен алыстағы ауылдарда салауатты өмір салтын қалыптастыруды көздеп отырмыз. Мәдениет үйінде денені шынықтыратын жабдықтар орнатып, арнайы мамандар тартатын боламыз.

Бұл «Startap bolashak – менің арманым» жастар бизнес-жобалары ұлттық байқауының жемісі. Осы текті ұшқыр ойлы алғыр жастардың ивестициялық бастамалары қолдау тауып келеді.

ЛАУРА ДЕМЕСИНОВА, «БОЛАШАҚ» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз осы текті бастамаларды үстіміздегі жылы әрі қарай жалғастыратын боламыз. «Болашақ» бизнес форумдарын елді-аймақтарда ауыл жастары үшін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ білім және ғылым министрлігімен «Болашақ стартап» бизнес-жобалар байқауының 4-ші кезеңін өткіземіз. «Білім біздің ел үшін» жобасыда жалғасын тауып, болашақ түлектер, студенттер мен оқушыларға дәрістер оқылып, танымдық кездесулер болады.

Сондықтан биыл жарияланған жастар жылында тағы бірқатар белсендінің бастамасы қаржыландырылып жүзеге асырылмақ. Тек ол үшін ел игілігіне жарайтын, әлеуметтің қамын ойлайтын бизнес жоспарлар қажет.