Шетелдік студенттер Қазақстанның жоғары оқу орындарында

Шетелдік студенттер Қазақстанның жоғары оқу орындарында

Шетелдік студенттер Қазақстанның ЖОО-нда білім алуды қалайды. Тек өткен жылы ғана елімізде білімін түгестеуге әлемнің түкпір-түкпірінен 18 мыңға тарта сырт ел азаматы келген. Сарапшылардың болжамына сәйкес, алдағы бірер жылда олардың көлемі 50 мыңға дейін жетуі мүмкін. Бүгінгі таңда Семей медицина университетінде 650 шетелдік жас кәсіп меңгеріп, дәрігерлікке оқып жатыр. Негізінен Үндістан мен Пәкістан азаматтары. Жылдан-жылға монғолдықтар мен қытайлықтардың да қызығушылығы артып келеді.

МОХАММАД РАФИК КАМАНУР, СТУДЕНТ:

- Маған мұндағы университетте оқып мамандық меңгерумен қатар, ауа райы қатты жағып отыр. Адамдар өте мейірімді, қонақжай. Бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Бізге көмек қолын созуға дайын тұрады. Бізге дейін осында оқыған Үндістан мен Пәкістан студенттері жергілікті тұрғындардың достықты жақсы бағалайтынын айтқан еді. Көзім жетті. Қалаған мамандығыңды таңдауға болады. Оқытушылар құрамы да өте білікті.

Осы орайда соңғы 20 жылдың ішінде Семей медицина университетін таңдайтын шетелдік студенттер 15 есеге артқандығын айта кету керек. Алғашқы жылдары олардың саны 50-ге де жетпепті. Шетелдіктерге дәрістер ағылшын тілінде оқылады.

БАҚЫТГҮЛ ШӘКІРОВА, ШЕТЕЛ БӨЛІМІ ФАКУЛЬТЕТІ ДЕКАНЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Шетелдік студенттерді қызықтыратыны – әрине, мемлекетіміздегі тыныштық, берекелік, тұрақтылық және жоғары сапалы білім беру. Сондықтан әрине жыл сайын шетелдік студенттердің саны көбейіп жатыр. Диплом алып, үйлеріне барып, дәрігер болып істеп, атақты дәрігер түлектеріміз келіп, рақметін айтып жатады.

Тек Семей медицина университеті ғана соңғы 20 жылда 500-ден астам шетелдік түлек шығарған. Биыл халықаралық дәрежедегі диплом 100-ге тарта студентке табысталмақ.