Маңғыстау облысындағы барлық ауданда жастарға арналған коворкинг орталықтары ашылады

Маңғыстау облысындағы барлық ауданда жастарға арналған коворкинг орталықтары ашылады

Коворкинг-орталық – өзін-өзі ұйымдастыру нысаны. Кәсіп иелерінің еркін қауымдастығы. Коворкинг орталықтың негізгі мақсаты – әлеуметтік маңызы бар студенттік бастамаларды іске асыру үшін ыңғайлы алаң құру. Осыған орай биыл Маңғыстау облысындағы барлық ауданда жастарға арнап коворкинг орталықтарын ашу көзделуде. Аталған орталықтарда ағылшын тілі тегін оқытылып, жастар әлемнің белді профессорларының лекцияларын онлайн тыңдамақ. Әзірге мұндай коворкинг орталық Ақтауда ғана жұмыс істеп тұр.

ЖАНҰЗАҚ ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ, Л.Н.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ СТУДЕНТІ:

-  Жас болған соң уақытты тиімді өткізгің келеді. Әртүрлі ойла, идеялар келеді. Соларды жүзеге асырғың келеді. Негізінен тыныш жер іздейсің. Креативті жер болса тіптен керемет. Сол үшін осы жерге жиі бас сұғамын.

Бұл орталық жастардың тың идеяларын жүзеге асырып, жаңа кәсіп бастауына да мұрындық болып отыр. 25 жастағы Нұрбек Өтегенов осында бас сұққалы 3 айдың ішінде замандастарын шешендік өнерге баулитын жаңа жобаны дүниеге әкелді. Студенттер мен жұмысшы жастар арасында Мағжан оқулары шарасын өткізді.

НҰРБЕК ӨТЕГЕНОВ, АҚТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Бұл Коворкинг орталығында біз жастар болып, көптеген жобаларды жүзеге асырдық. Оның ішінде пікір сайыс алаңдары құрылды. Көптеген пікірсайыс жобаларының финалдық ойындары өткізілді.

Облыс орталығында сәтті жүзеге асқан орталық тәжірибесін өңірдің өзге де аудан, ауылдарында іске асыру көзделуде. Ал жалпы жастар жылы аясында облыста биыл 100 шара өтеді.