Қазақстандық өнертапқыштардың ноу-хауы

Қазақстандық өнертапқыштардың ноу-хауы

Қазақстан әлемдегі ең өнертапқыш елдердің бірі ретінде танылып отыр. Тәуелсіздік жылдары жергілікті мамандарға 30 мың патент берілді. Қазақстандықтар барлық бағыттар бойынша ноу-хау ойлап табуда. Инновациялардың авторлары қатарында жастар жетерлік. Ғылыми зерттеулерде мектеп оқушылары да  өз күштерін сынауда. Қызылордадағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-ші сынып оқушысы Алтынай Әбдіжәміл де ғылыми жаңалық авторы атанды. Оның идеясы жұқпалы дерттерге шалдығу көрсеткішін азайтуға сеп болмақ. Алтынай Арал бойы аймағындағы жабайы өсімдіктердің фитонцидтік қасиеттерін зерттеген. «Табиғи антибиотиктердің» тізімін жасапты. Адыраспан, үшкір жемісті жиде, жыңғыл, евфрат терегі солардың қатарында. Алтынай жұқпалы аурулардың алдын алу үшін елді-мекендерде осы өсімдіктерді егу керек, дейді.  

АЛТЫНАЙ ӘБДІЖӘМІЛ, НЗМ ОҚУШЫСЫ, ҚЫЗЫЛОРДА:

 - Біз бұл өсімдіктерді барынша көп егуіміз керек. Осылайша жұқпалы аурулардың алдын аламыз. Әсіресе, мектеп, балалар мекемелерінің жанында көп болуы тиіс. Сондай-ақ қаланың айналасында жасанды жасыл белдеу жасау ойы да бар. Жабайы өсетін өсімдіктер экономикалық тұрғыдан алғанда өте тиімді. Өйткені олар ерекше күтіп-баптауды қажет етпейді.

ДАРИҒА МҰНАРБАЕВА, БИОЛОГИЯ ПӘНІНІҢ САРАПШЫ-МҰҒАЛІМІ:

-  Еңбегіміздің нәтижесі қуантарлық болды. Өйткені адыраспанның бактерияларды жою қабілеті бар. Бұл фитонцидтер тұмау, тыныс жолдарының ауруы, жедел респираторлық-вирустық инфекциялар сынды сырқаттарды бәсеңдетеді. Меніңше, көптеген өсімдіктердің мұндай қасиеттерін зерттеу біздің ғалымдарымызға медициналық мақсатта да көмек бола алады. Сондықтан осындай идея ұсынып отырмыз. Ол тиімді жүзеге асады деген сенімдеміз. 

Назарбаев Университетінің магистранты Мирас Баймырза – тест тапсыруға арналған жаңа платформаның негізін қалаушылардың бірі. Платформа сауалдарды автоматты түрде қарастырып, тесттің қаншалықты сапалы екендігін анықтай алады. Сайтта Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға түсемін деушілерге арналған тапсырмалар бар.  

МИРАС БАЙМЫРЗА, САЙТ ҚҰРАСТЫРУШЫСЫ:

 - Сынақты тапсырушы тест тапсырып, ұпай санын көріп қана қоймай, толық талдау жасай алады. Қателермен жұмыс жүргізу де қарастырылған. Біз сынақтан өтушіге пәннің қандай бөлімдері бойынша білімі мықты, ал қайсысы бойынша әлі дайындық керектігін де көрсетеміз.

Қазірде сайт қызметіне мыңнан астам адам жүгініп отыр. Оған негізінен Назарбаев зияткерлік мектебіне түсуге арналған тесттер жүктелген. Алдағы уақытта платформада Бірыңғай ұлттық тестілеуді тапсыру да мүмкін  болады, - дейді жоба авторлары.