Жастар жылында Үкімет арнайы жол картасын қабылдайды

Жастар жылында Үкімет арнайы жол картасын қабылдайды

2019 жыл – Жастар жылы. Жастар жылы тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет аталып өтілмек. Салтанатты ашылу қаңтар айының соңына жоспарланған. Кейін президент тапсырмасына сай Үкімет арнайы жол картасын қабылдауы тиіс.

АСХАТ ОРАЛОВ, ҚР ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ КОМИТЕТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

-  Біздің Жастар және отбасы істері комитеті тарапынан барша мүдделі мемлекеттік мекемелермен бірлесіп, аймақтағы әкімшіліктердің ұсынысын ескере отырып, үкіметтік емес ұйымдардың пікірлерін естіп, Жол картасының жобасын әзірледік. Бұл 100-ге жуық нақты жобалар, іс-шаралар, еліміздің әр санаттағы жастарға мүмкіндік беретін жалпы жобалар деп есептеуге болады.

Жол картасы қазіргі жастардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталмақ. Ол – әрине, сапалы білім алу, екі қолға бір күрек табу, қолжетімді баспана мәселесі және де салауатты өмір салтын насихаттау.

 АСХАТ ОРАЛОВ, ҚР ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ КОМИТЕТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

-  Қазір осы Жастар жылының аясында біз Болашақ қауымдастығымен бірлесе отырып, PhD докторантура және магистратураға қосымша гранттар бөлінетін болады. IT сфераға және де қазіргі нарықтың қажеттілігі бойынша нақты қосымша стипендиялары бөлінетін болады.

Сонымен қатар биыл өз идеясын жүзеге асырғысы келетін 1 мың маңғыстаулық жасқа 1 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант беріледі. Әлеуметтік жобаны облыс әкімдігі мен бүкіләлемдік банк іске асырады. Осылайша, жастардың жеке кәсібін бастауына мүмкіндік туады. Ал олардың жоғары білім алуы үшін 175 түлекке облыс әкімінің арнайы гранты бөлінеді. Студенттер үшін Ақтауда 3 мың орынға арналған 3 жатақхана салынады.

ДОСАН ЖЕТКІЗГЕН, ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - «Кеңес алаңы» деген жобамыз бар. Бұл жобаның мақсаты – жастарға мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру. 7-20-25, баспана, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, тегін кәсіптік білім беру барлық бағыттағы негізгі салалардың мамандарын алып, жастар көп шоғырланатын, халық көп жүретін жерлерге барып, тегін кеңес беріледі.

Қазір елімізде 4 млн-ға жуық жас бар. Бұл – жалпы халықтың 22 пайызы. Бүгінде мемлекет жастарды қолдау мақсатында түрлі жобаларды қолға алып, бірнеше бағдарламаны жүзеге асыруда. Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында білім алғысы келетіндерге қосымша 20 мың грант бөлінді.