Елімізде алғаш рет жасалған гибридті операция сәтті өтті

Елімізде алғаш рет жасалған гибридті операция сәтті өтті

Елімізде алғаш рет қарт адамға жасалған гибридті операция сәтті өтті. Кардио-хирургтер 74 жастағы қарияның жүрегіне екі бірдей ота жасады. 

Бастапқы кезеңде науқастың жүрегіне транс катетерлі әдіспен жасанды клапан орнатылды. Ал содан кейін қан айналымына жауапты тамырлары қалпына келтірілді. Ескеретін жайт, қос операцияның арасы үзілген жоқ. Бұл әдістің гибридті деп аталатыны да сондықтан.

РУСТАМ РАХИМОВ, ҚР ПІБ МЕДИЦИНА ОРТАЛЫҒЫ АУРУХАНАСЫНЫҢ КАРДИОХИРУРГІ:

 - Отаның бұл түрі соңғы бірнеше жылда әлемде кеңінен тарап келеді. Яғни бір мүшеге бірнешеуін жасау. Медицинада ашық және мини инвазинді операция деген ұғым бар. Біз оларды жүрек қан тамырлары, сондай-ақ бас мойын тамырларына қатар қолданып жүрміз.

Мұндай жасалған операциялардың барлығы таспаға түсіріледі. Ондағы мақсат – процеске сырт көзбен қарап, кем-кетікті түзету. Мәселен, бұл – Юрий Дударевке жасалған операциядан үзінді. Сондай-ақ бұл монитордың тағы бір ерекшелігі – арғы бөлмеде болып жатқан іс-әрекеттерді онлайн режимде бақылауға болады. «Бұл – науқастың пышаққа қайта-қайта ілінбеуі үшін қажет», - дейді мамандар.

СЕРІК МЕҢДІҚҰЛОВ, ҚР ПІБ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ АУРУХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ, КАРДИОХИРУРГ:

 - Науқасқа ашық операция жасауға болмайды. Сондай-ақ ол ұзақ уақыт бойы бұл аурумен ауырған. Бірақ біздің клиникамызда осы екі отаны біріктіріп, бір уақытта операция жасай алдық. Қазақстанда бұл операция алғаш рет өткізілді. Жалпы мұндай ота санаулы елде ғана тіркеліпті. Ал қазақ кардиохирургтері жасаған бұл күрделі операция жалпы тізімде сегізінші болып тұр, деген мәлімет бар.

Кардиохирургтер алдағы уақытта бұндай операцияларға зәру жандарға көптеп жасалады деп үміттеніп отыр. Ал ақ халаттылардың айтуынша, қазіргі таңда науқас Юрий Дударевтің жағдайы қалыпты, дегенмен, әлі де дәрігерлердің қатаң бақылауында ауруханада тағы бірнеше апта болады.

ЮРИЙ ДУДАРЕВ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Қазір өзімді жақсы сезінемін. Жағдайым жаман емес. Операция сәтті өткенімен, оған шыдау маған қиынға соқты. Тәнім әлсіреп, салмақ жоғалттым. Алайда мені аман алып қалған дәрігерлерге алғысым шексіз. 

Біздің елде, сондай-ақ бүкіл әлемде мұндай операциялардың қажеттілігі өте жоғары. Енді мамандар мұндай гибридтік операцияар асқынудың алдын алып, науқастардың өмірін ұзартатындығына сенеді.