Алтын адам қайта жерленеді

Алтын адам қайта жерленеді

Биыл Алтын адам сүйектері қайта жер қойнауына тапсырылады.  Ғалымдар тарихи тұлғаның қалдықтарын  жерлеу оларды болашақта зерттеу үшін қажет дейді. Өйткені бұл – жәдігерді ұзақ уақытқа дейін сақтаудың бірден бір жолы саналады. Ол арнайы капсулада сақтардың көне ғұрыптық рәсімдеріне сай жерленетін болады. Еске салайық, Алтын адамның қалдықтары көп уақытқа дейін жоғалып кеткен. Жақында ғана Есік қаласының сот сараптамалық институтының мұрағатынан табылды. Құнды жәдігер фотоқағаз қорабының ішінен шықты. Оны сыртында қолмен жазып қалдырған мәліметтер айғақтап отыр.

ЕРМЕК ЖАСЫБАЕВ, «ЕСІК» МҰРАЖАЙ-ҚОРЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Сүйектері дұрыс сақталмаған. Оған қоса 50 жылға тарта уақыт қорапта жатып, бактериялар мен вирустар сынды заманауи сыртқы факторлардың әсері тиіп, тіпті сүйектердің ішкі құрылысында дамып кеткен. Тым болмағанда бас сүйегі немесе бір ғана тісі сақталса, толық ДНҚ-сын сараптауға болушы еді.

Өкінішке орай, Алтын адамның дене сүйектері толықтай сақталмаған, бас сүйегі мүлдем жоқ. Мамандар тағы бір мәрте ДНҚ сараптамасынан өткізсе жұмбаққа толы жәдігердің бірқатар сырын ашуға болады деп есептейді. Бұндай зерттеу жүргізуге даниялық ғалымдар дайын.

ДОСЫМ ЗІКІРИЯ, «ЕСІК ТАРИХИ-МӘДЕНИ ҚОРЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ҒАЛЫМ-ХАТШЫСЫ:

 - Осы уақытқа дейін біз оны кәдімгі тарихта болған тұлға емес, аңыз адам сияқты дәрежеге айналдырып жібердік. Бұл негізі тарихта болған тұлға ғой, бірақ кім екені, қандай адам болғаны тарих құжаттарымен қатталмаса да мұның қабірі табылды. Сүйегі табылғаннан кейін бұл тарихта болған тұлға және қай дәуірге тиесілі екені де Кемал Ақышев ағамыз арқылы жазылды, зерттелді.

XX ғасырда ашылған археологиялық жаңалық қазақстандық Тутанхамон деп аталып, барша әлемнің ғылыми қызығушылығын тудырып отыр. Өткен дәуірде  Алтын адамның киімі барынша зерттелсе, үстіміздегі ғасырда сүйек қалдықтарына үлкен көңіл бөлінуде.