Астанада «Қожанасыр жырлайды» атты кітаптың тұсауы кесілді

Астанада «Қожанасыр жырлайды» атты кітаптың тұсауы кесілді

Әзіл арқылы арам қылықтарды мысқылдап, адами қасиеттерді дәріптейтін Қожанасыр хиқаялары бәрімізге ертеден таныс. Әзіл-әжуә атасының қара сөзбен әңгімеленетін оқиғалары енді поэзия тілімен де сөйлейді. Елордада «Қожанасыр жырлайды» атты кітаптың тұсауы кесілді. Махмұт Кай былтыр түркі әлеміне ортақ сүйікті кейіпкердің астарлы сөздерін тұңғыш рет өлең жолдарымен жазған. Белгілі қазақстандық ақын Маржан Ершудің түрік тілінен қазақшаға аударған еңбегі қалың оқырманға жол тартты. Ұйқаспен берілген 50-ге тарта әңгіменің әрбірі мағынасына орай миниатюралық суреттермен безендірілген. Жыр жинағында Қожанасырдың өмірінен сыр шертетін нақты тарихи деректер де келтіріледі.

МАРЖАН ЕРШУ, АҚЫН АУДАРМАШЫ:

-  Осы кітапты аудару барысында Қожанасыр туралы ғылыми деректерді мен толық қарап шықтым. Қожанасырдың қазақ тіліндегі хикаялары айтылып та жүрген. Түрік әдебиетінде де хикаялар өте ұқсас екен. Бірақ кейбірі қазақтың топырағына, ортасына жетпей қалған тосын жаңа әңгімелер бар. Бұның бәрі түбі бір түркі екенімізді, біздің әдебиетіміз де, тарихымыз бен мәдениетіміз де бір екенін дәлелдейтін құнды еңбек болды.